Ұлттық банк «BURABAY» және «SYǴANAQ» коллекциялық монеталарын сатылымға шығарады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
«Бурабай» мен «Сығанақ» жаңа монеталары 20 шілдеде сатылымға шығады / Коллаж: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстан Ұлттық банкі айналымға бірден үш жаңа коллекциялық монета шығарады. Монеталар 2026 жылғы 20 шілдеден бастап KazCoins ресми интернет-дүкені арқылы сатылымға шығады.

Жаңа серияға мына монеталар енді:

  • «Қазақстанның інжу-маржандары» сериясынан – BURABAY;
  • «Қазақстанның ежелгі қалалары» сериясынан –  SYǴANAQ;
  • «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан – «ТМД-ға 35 жыл».

Барлық монета Қазақстан теңге сарайында шектеулі таралыммен шығарылған.

Қандай монеталарды сатып алуға болады

Жаңа сериядағы ең ерекше монета – Бурабайға арналған BURABAY коллекциялық монетасы. Бурабай – еліміздің басты табиғи көрікті жерлерінің бірі ретінде бағаланып, ең танымал туристік мекенге айналды.

Фото: Қазақстан Ұлттық Банкі

«BURABAY» монетасы түрлі-түсті баспа және интерференциялық құбылмалы қабат қолдану технологиясымен 925 сынамалы күмістен дайындалған. Салмағы – 31,1 грамм, өлшемі – 45х30 мм, дайындау сапасы – «рrооf». Номиналы 1 000 теңгелік туынды 2 000 (екі мың) дана таралыммен шығарылды.  Ол түрлі түсті баспа элементтерімен және арнайы кемпірқосақ түстес қорғаныш жабынмен безендірілген.

Екінші жаңа монета – Ұлы даладағы ортағасырлық ірі қалалардың бірі Сығанаққа арналған SYǴANAQ.

Фото: Қазақстан Ұлттық Банкі

Монета 925 сынамалы күмістен жасалып, алтын жалатылған. Салмағы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, дайындау сапасы – «рrооf».

Оның таралымы одан да аз – бар болғаны 1 мың дана.

Үшінші монета 2026 жылдың желтоқсанында атап өтілетін ТМД-ның 35 жылдығына арналған.

Фото: Қазақстан Ұлттық Банкі

Ол да күмістен жасалып, түрлі-түсті баспа технологиясы қолданылған. Салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – «рrооf». Монетаның таралымы – 1 мың дана.

Бұған дейін Ұлттық банк Қазақстан Парламентінің 30 жылдығына арналған коллекциялық күміс монетаның сатылымға шығатынын жариялаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз