Тимур Сүлейменов 19 шілде іске қосылатын бірыңғай QR жүйесінің маңызын атап өтті

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Тимур Сүлейменов 19 шілде іске қосылатын бірыңғай QR жүйесінің маңызын атап өтті
Тимур Сүлейменов 19 шілде іске қосылатын бірыңғай QR жүйесінің маңызын атап өтті / фото: Серикжан Ковланбаев

Елде 19 шілдеден бастап барлық банк үшін бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылады. Тимур Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингте жүйенің маңызына тоқталып өтті.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, елде қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер 190 триллион теңгеге жеткен. Ал қолма-қол ақшаның үлесі бірден 90%-ға дейін қысқарды.

«Бүгін егжей-тегжейлі тоқталғым келетін маңызды жобалардың бірі – бірыңғай QR-код жүйесі. Бұл тұтынушы ретінде әрқайсымызды қызықтыратын мәселе. Өйткені біз күнделікті төлем жасаймыз. Оны Ұлттық QR, бірыңғай QR деп те атауға болады. Ресми түрде ол 19 шілдеден бастап күшіне енеді. Осыған орай бүгін оның мүмкіндіктерін көрсеткіміз келеді», – дейді ҰБ төрағасы.

Айтуынша, тұтынушылар өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы кез келген банктің терминалында, кез келген сауда нүктесінде кедергісіз төлем жасай алады.

«Бұл оңай жұмыс болған жоқ бірақ мен бұл жобаның ақырында өз мәресіне жеткенін ерекше атап өткім келеді. Бұл – заманауи цифрлық мемлекет құруға бағытталған қадам.», – деді ол.

Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бинур Мұратов Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 90 пайыздан асатаын болса, ТМД елдеріндегі ең көп көрсеткіш 60 пайызға ғана жететінін айтты.

«Елімізде қолма-қол ақшасыз экономика саласы соңғы бірнеше жылда ерекше қарқынмен дамып келеді. Соңғы 6-7 жылда қолма-қол ақшасыз экономика көлемі 100 еседен астам өсіп, жыл сайын шамамен 200 триллион теңгеге жетті. Сауда нүктелерінде қолма-қол ақшасыз төлемдердің қолжетімділігі де айтарлықтай артты», – деді Бинур Мұратұлы.

Айтуынша, Ұлттық банк 1995 жылдан бері ұлттық төлем жүйелерін дамытып келеді. Мәселен, банк картасынан бастап QR-ға дейінгі қолма-қол ақшасыз төлем түрлерін қабылдайтын құрылғылар саны шамамен 1,5 миллионға жетті. Бұл көрсеткіш соңғы 10 жылда 12 есе өсті.

Айта кетейік, елде 19 шілдеден бастап барлық банк үшін бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылады. Енді пайдаланушылар қай банктің мобильді қосымшасын қолданса да, бір ғана QR-код арқылы төлем жасай алады.

Сондай-ақ оқыңыз