Адам өлтіріп, ерте түрмеден босатылған әйел қайта кісі өлтірді

Екібастұзда бұрын адам өлтіргені үшін сотталып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған әйел тағы аса ауыр қылмыс жасады.
Оның түрмеден шыққанына алты ай ғана уақыт болған.
Жұбайларға пышақ салған
Іс материалдарына сәйкес, қаңтар айында ол көршісімен бірге ішімдік ішіп отырып, жанжалдасып қалған. Айыпталушы алдымен танысын подъезде соққыға жығып, кейін пәтер ішінде бірнеше рет пышақтаған. Зардап шеккен әйел баспалдақ алаңына қашып шығып, есінен танып қалған.
Осыдан кейін айыпталушы пәтерге қайта кіріп, жәбірленушінің ұйықтап жатқан 32 жастағы азаматтық некедегі күйеуіне бірнеше рет пышақ сұққан. Өйткені жұбайы үшін кек алады деп қауіптенген.
17 жыл түрмеде отыратын болды
Кейін қайтадан подъезге шығып, жараланған әйелді ұрып-соғып, басын еденге бірнеше рет соққан. Әйел аман қалды.
Сот күдікті әйелді кінәлі деп таныды. Ол 2018 жылы адам өлтіргені үшін 9 жылға сотталған. Кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Алайда бостандыққа шыққаннан кейін, алты айға жетпей қайтадан аса ауыр қылмыс жасаған.
Сот алдыңғы үкім бойынша өтелмеген жаза мерзімінің бір бөлігін қосып, 28 жастағы әйелді 17 жылға бас бостандығынан айырды.
Жазасын ол ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.
Ал Алматыда студент өзінің дәріс берген оқытушысын пышақтап кеткен еді.