Ақмола облысында жасырын алтын өңдейтін цех анықталды

Ақмола облысы Шортанды ауданы аумағында бағалы металдарды заңсыз өндірген топтың қызметі анықталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен заңсыз әрекет тоқталды.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында құрамында алтыны бар кенді өңдеуге және бағалы металдарды бөліп алуға арналған жасырын цех анықталды. Кенді ұсақтауға және балқытуға арналған жабдық, салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, сондай-ақ 2 млн теңгеден астам және 8 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражат тәркіленді», – делінген ақпаратта.
Тінту барысында қару мен оқ-дәрілер табылыпты. Қазіргі уақытта заңсыз қызметке қатысы бар барлық тұлға, сондай-ақ заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі анықталып жатыр. Ұйымдастырушы қамауға алынды.
ҚМА хабарлауынша, тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Ал Алматыда дәрілік заттарды заңсыз өндіріп сатқан 4 фармацевтикалық компания анықталды.