Степногорскте ер адам бұрынғы әйелінің көлігін ұрлап, жол апатына ұшырады

Степногорскте бұрынғы жұбайының автокөлігін айдап кетті деп күдіктелген ер адам ұсталды. Полицияның нұсқасы бойынша, ол отырыстан кейін бұрынғы әйелінің Renault Scenic көлігін ұрлап, жол апатына ұшыраған, содан кейін оқиға орнынан бой тасалаған.
Ақмола облыстық полициясының хабарлауынша, мас күйдегі ер адам бұрынғы әйелінің автокөлігінің кілттері өзінде сақтаулы екенін есіне түсірген. Ол көліктің үйреншікті орнында тұрғанын болжап, тұраққа келіп, иесінің рұқсатынсыз айдап кеткен.
Біраз уақыттан кейін әйел адам полицияға көлігінің ұрланғаны туралы арызбен жүгінген. Тексеру барысында күдіктінің ұрланған көлікпен жол апатына түсіп үлгергені, содан кейін ЖКО (жол-көлік оқиғасы) орнынан кетіп қалғаны анықталды.
Полицейлер ер адамның жүрген жерін анықтап, оны ұстады және полиция басқармасына жеткізді.
«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады департамент.
Айта кетейік, осыған дейін Маңғыстау соты төрт адамның өмірін қиған жол апаты ісі бойынша үкім шығарған еді.