Apple Nvidia-ны басып озды: Әлемдегі ең қымбат компания белгілі болды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Айфоны
Әлемдегі ең қымбат компания белгілі болды / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серікжан Қобыланбаев

Apple капитализация бойынша Nvidia-ны басып озып, әлемдегі ең қымбат жария компанияға айналды. TradingView сервисінің мәліметі бойынша, Apple-дің нарықтық құны 4,88 триллион долларға, ал Nvidia-нікі – 4,85 триллион долларға жетті.

Бұл уақытта Nvidia котировкалары 3,27 пайызға төмендеп, 200,41 долларды құраса, Apple құнды қағаздары небәрі 0,28 пайызға төмендеп, 322,33 доллар болды.

Нәтижесінде ең қымбат 5 жария компанияның тізімі келесідей сипат алды:

  • Apple – 4,88 триллион доллар;
  • Nvidia – 4,85 триллион доллар;
  • Alphabet – 4,2 триллион доллар;
  • Microsoft – 2,93 триллион доллар;
  • Amazon – 2,66 триллион доллар.

Бұған дейін Apple әлемдегі ең қымбат компаниялар рейтингінде бірінші орынды иеленген болатын. Алайда 2025 жылдың мамыр айынан бастап тізімді Nvidia бастап келді.

Bloomberg есептеуі бойынша, Apple акциялары маусымдағы ең төменгі көрсеткіштен бері 21 пайызға, ал жыл басынан бері 23 пайызға өскен. Соңғы көрсеткіш бұл компанияны «ғажайып жетіліктің» ішіндегі кірістілік бойынша көшбасшы етеді.

Apple акцияларының жақын арадағы өсімі инвесторлардың технологиялық сектордың басқа сегменттерінен салымдарын қайта бөлуі аясында орын алды, деп жазады Bloomberg.

Инвесторлар ЖИ-компаниялары (жасанды интеллект) акцияларының өсімі шамадан тыс болуы мүмкін деп қауіптеніп, өз қаражаттарын қайта бөлген.

«Apple инфрақұрылымға ірі инвестициялар салу қажеттілігіне аз тәуелді және қызметтер, экожүйе ішінде клиенттерді ұстап тұру және жабдықтарды жаңарту арқылы ЖИ-ді монетизациялауға жақсырақ дайындалған. Қайта бағалау ЖИ-дің алыпсатарлық өсу әлеуетін емес, пайданың тұрақтылығына деген сенімді көрсетеді», – деп атап өтті BRI Wealth Management инвестициялық бөлімінің басшысы Тони Медоуз.

Сондай-ақ, Apple жақында Қытайда Apple Intelligence жүйесін іске қосуға үкіметтің рұқсатын алды, бұл компанияның өсуін жеделдетеді деп күтілуде.

Nvidia акциялары қытайлық Moonshot стартапының жаңа жасанды интеллект моделі компанияның чиптерін пайдаланатын OpenAI және Anthropic-тің үздік өнімдерімен бәсекелесе алатыны белгілі болғаннан кейін төмендеді. Қытайлық модельдердің танымалдылығы артуының перспективасы жасанды интеллект инфрақұрылымына салынатын ауқымды инвестициялар өзінің шарықтау шегіне жақындап қалды деген қауіпті күшейте түсуде.

Сондай-ақ оқыңыз