Комиссиясы жоғары: бірыңғай QR неге кәсіпкерлердің көңілінен шықпай тұр

19 шілдеден банкаралық мобильді төлем жүйесі іске қосылып, бірыңғай QR жұмыс істей бастады. Ол бір банктің қосымшасынан екінші бір банктің QR-ы арқылы төлем жасауға мүмкіндік берілді.
Сонымен қатар жүйеге қатысушы банк клиенттері телефон нөмірі арқылы басқа банкке лезде ақша аудара алады.
Сарапшы Тұрар Әбдінің пікірінше, бірыңғай QR есепті жеңілдетіп, әсіресе шағын және орта бизнес үшін техникалық шығындарды азайтады. Дегенмен сарапшы көптеген дүкенде Kaspi мен Halyk терминалдары әлі де қала береді деген пікірде. Осы ретте сарапшы жүйенің бірнеше кемшілігін атап өтті:
- Жоғары комиссия: Клиент өзге банктің қосымшасы арқылы бірыңғай QR арқылы төлем жасағанда, сауда нүктесі үшін комиссия 1,25-1,35%-ға дейін жетуі мүмкін. Салыстырмалы түрде алғанда, Apple Pay, Google Pay немесе Samsung Pay сияқты стандартты контактісіз төлемдер бизнеске әлдеқайда арзанға түседі: шамамен 0,59%. Осы айырмашылыққа байланысты әлеуметтік желілерде кәсіпкерлер тарапынан сатып алушыларды пластикалық карта немесе Apple/Google Pay арқылы төлеуге шақыратын үндеулер пайда болып жатыр.
- Тариф белгілеуде ашықтық жоқ: Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК) бірыңғай QR-дың артықшылықтары туралы белсенді айтқанымен, комиссиялардың егжей-тегжей арифметикасын әлі ашқан жоқ. Кәсіпкерлер осы 1,25-1,35%-дың қанша үлесі ҰТК-ның өзіне, қаншасы эквайер банкке, ал қаншасы клиенттің картасын шығарған банкке кететінін түсінбейді. Бұл деректерсіз бизнес реформадан банк монополиялармен күресті емес, жай ғана өз операциялық шығындарының өсуін көріп отыр.
Cонымен қатар әлеуметтік желідерде кәсіпкерлер жүйе бизнес үшін қымбатқа түсетінін жазып жатыр.
«Бұл бірыңғай QR-ды қатты күткен едім! Ақыры мына 4 түрлі терминал «зоопаркінен» құтылып, бір-ақ банкті қалдырып, тыныш жұмыс істеймін ғой деп ойлағам. Әттең, үмітім ақталмады. Банктер бизнеске арналған тарифтерін шығара бастап еді, не көрдік? Kaspi басқа банк үшін 1,35%. Halyk жай ғана 1,25% қоя салған. Шағын бизнеске жеңілдік жасаудың орнына, комиссия жасырын өскен. Халықаралық Visa немесе Mastercard-қа төлесек бірсәрі, (айтпақшы, БЦК-да 0,8%), ал мұнда бәрі ел ішінде айналып жатыр ғой!?»,- деп сауал тастайды желі қолданушысы.

Тағы бір кәсіпкер бұл ретте әр банктің терминалымен жұмыс істеген тиімді екенін жазады.
«Kaspi Bank те өзге банктер үшін 1,35% алады, ал өзінікіне 0,95%. Халық банк те өзге банктер үшін 1,1% алады, ал өзінікіне 0,5% алады. Әзірге әр қайсысының өзінікімен жұмыс жасаған тиімді болып тұр. Егер пайызы бірдей болса, ойланып көруге болады. Kaspi Bank де төлемдер бірден түседі. Халық банктікі ертесі күні түседі», – деп жазады желі қоланушысы.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленовтің айтуынша, елде Visa мен Mastercard сияқты халықаралық төлем жүйелеріне балама болатын ұлттық цифрлық платформа бой көтеріп келеді. Отандық банктердің басын бір жүйеге біріктірген соң, жаңа инновациялық сервистерді кезең-кезеңімен енгізуге жол ашылады.
Атап айтсақ, жыл соңына дейін банктаралық шот ұсыну (инвойсинг) қызметін іске қосу жоспарда бар. Бұл деген – кез келген банкте тіркелген сатушы тұтынушының өзі қолданатын мобильді қосымшасына бірден төлем шотын жібере алады.
Сондай-ақ платформа мүмкіндігі шекарааралық төлемдер мен аударымдарды да қамтиды. Жәленовтың айтуынша, қазірдің өзінде Қытай мен Қырғызстанның төлем жүйелерімен біріктіру келіссөзі жатыр, ал БАӘ, Түркия және Үндістанмен тиісті меморандумдарға қол қойылған. Нәтижесінде, жыл аяғына дейін қазақстандықтар Қытай мен Қырғызстанда еркін төлем жасай алады.