Рекордтық табыс: Испания Әлем чемпионатынан қанша сыйақы алды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
ФИФА президенті мен АҚШ президенті әлем кубогын табыстап жатыр / фото: FIFA

АҚШ, Канада және Мексика аумағында өткен, тарихта алғаш рет 48 команда қатысқан 2026 жылғы Әлем чемпионаты қаржылық көрсеткіштер бойынша да рекордтарды жаңартты. ФИФА турнирдің жалпы бюджетін бұрын-соңды болмаған 871 миллион доллар деңгейінде белгіледі.

Осы орайда, финалда Аргентинаны тізе бүктіріп, әлем чемпионы атанған Испания құрамасы ең қомақты қаржылай сыйақыға ие болды.

Испанияның таза табысы – 51 млн доллар

Қатарда өткен 2022 жылғы Әлем чемпионатында бас жүлдені иеленген Аргентина құрамасы 42 млн доллар алса, биылғы чемпион Испания 51 млн доллар таза табыс тапты.

Турнирдің жүлде қоры кезең-кезеңімен бөлінді:

  • Чемпион (Испания): 51 млн доллар
  • 2-орын (Аргентина): 34 млн доллар
  • 3-орын (Англия): 30 млн доллар
  • 4-орын (Франция): 28 млн доллар
  • Ширек финалистер (5-8 орындар): 20 млн доллар
  • 1/8 финал (9-16 орындар): 16 млн доллар
  • 1/16 финал (17-32 орындар): 12 млн доллар
  • Топтық кезең (33-48 орындар): 10 млн доллар

ФИФА командалардың шығынын жеңілдетті

Турнир географиясының кеңдігіне байланысты туындаған жол жүру және орналасу шығындарын өтеу үшін ФИФА бюджетке қосымша 100 млн доллардан астам қаржы бөлді.

Бұл ақшаға ФИФА әр елдің футбол федерациясына 50 адамнан тұратын ұлттық делегациялар үшін бизнес-класспен барып-қайту авиабилеттерін, қонақүй мен тамақтану, ел ішіндегі тасымал және командаларға арнайы автокөлік паркін ұсынды.

Чемпиондарға арналған тарихи жүзіктер

Қаржылай сыйлықтан бөлек, биыл футбол тарихында алғаш рет чемпион атанған барлық ойыншылар мен бапкерлер құрамына ФИФА-ның арнайы жүзіктері табысталады. Бұл жаңашылдық америкалық спорт лигаларының (NHL, NBA, NFL) дәстүріне негізделген.

Қолдан соғылған бағалы жүзіктердің бір бетінде Әлем кубогы бейнеленсе, екінші бетінде жеңімпаз команданың (Испанияның) символикасы мен әр ойыншының жеке нөмірі қашалып жазылады.

фото: FIFA

Финалдан кейін Испания құрамасының капитаны мен бас бапкеріне жүзіктер бірден табысталды, ал қалған ойыншаларға өлшемдерін реттеп бергеннен кейін табысталады.

Бұл жүзіктердің 30 данасы чемпион командаға берілсе, тағы 1996 данасы ресми түрде 12 мың долларға сатылымға шығарылады.

Оқи отырыңыз: 120 минутқа созылған ойында Испания Аргентинаны жеңіп, Әлем чемпиондары атанды.

Сондай-ақ оқыңыз