2 млрд теңге: Ұлттық банк топ-менеджерлерінің сыйақысы бір жылда 25 пайызға артқан

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Ұлттық банк басшылары қанша алғаны белгілі болды / Фото: Асқар Ахметуллин, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банктің басқарма құрамы мен директорлар кеңесіне кіретін топ-менеджерлер 2025 жылы 2 млрд теңгеден аса сыйақы алған. Бұл туралы бас банктің қаржы есебінде жазылған. Оған ең бірінші болып «Ручная экономика» телеграм-арнасы назар аударды.

«2025 жылы ҚҰБ Басқармасының және Директорлар кеңесінің мүшелеріне персонал шығысы 2,058,304 мың теңгені (2024 жылы: 1,692,435 мың теңге) құрады. Персонал шығысына жалақы мен басқа да төлемдер қосылған», – делінген қаржы есебінде.

Ұлттық Банк – Қазақстан Республикасының орталық Банкі. Оның мақсаты – Қазақстандағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Бас банк ақша-несие саясаты жүргізіп, төлем жүйелері қызметін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамсыз етіп, статистикалық есеп жүргізеді.

Ұлттық банк басшылығында Тимур Сүлейменов пен оның 6 орынбасары бар. Ал басқарма құрамына 9 адам кірген. Олар:

  • Ұлттық Банк Төрағасы (Тимур Сүлейменов);
  • Ұлттық Банктің 4 лауазымды тұлғасы, төраға орынбасарлары (Ерұлан Жамаубаев, Ақылжан Баймағамбетов, Әлия Молдабекова, Данияр Вагапов) ;
  • Қазақстан Республикасы Президентінің 1 өкілі (Нұрлан Байбазаров – ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі);
  • Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2 өкілі (Серік Жұманғарин -ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі, Мәди Такиев – ҚР Қаржы министрі);
  • Қаржы нарығын реттеумен айналысатын уәкілетті органның 1 өкілі (Мәдина Әбілқасымова – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы).

Ал Директорлар кеңесінің құрамына ҰБ төрағасы мен орынбасарларынан бөлек, 21 адам кіреді.

Бұған дейін Ұлттық банкке тиесілі «Мемлекеттік кредиттік бюро» бес топ-менеджеріне 200 млн теңге сыйақы төлегені белгілі болған.

Сондай-ақ оқыңыз