
Жасанды интеллект нарығындағы дүрбелең тек Nvidia мен технологиялық алпауыттарды ғана емес, чип жасайтын жабдық өндірушілерді де алға сүйреп келеді. Соның ең ірі пайдасын көріп отырған компаниялардың бірі – Нидерландтың ASML корпорациясы.
Компания акциялары жыл басынан бері шамамен 60% қымбаттап, нарықтық құны $700 млрд-қа жақындады. Енді инвесторлар ASML Еуропада капитализациясы 1 трлн долларға жеткен алғашқы компания болуы мүмкін деп болжап отыр. Бірқатар ірі банктер мен инвестициялық компаниялар ASML акциялары бойынша мақсатты бағаларын жоғарылатқан.
ASML-дің басты артықшылығы – оның технологиясына әзірге толыққанды балама жоқ. Компания заманауи процессорлар мен AI-чиптерді өндіруге қажетті EUV литография құрылғыларын шығаратын әлемдегі жалғыз өндіруші саналады. Бағасы шамамен 300 млн доллар тұратын мұндай алып жабдықтарды құрастыруға бір жылға жуық уақыт кетеді.
Жасанды интеллект сервистеріне сұраныс өскен сайын Nvidia чиптеріне, ал оларды шығаратын TSMC, Samsung және Intel зауыттарына жаңа жабдық қажет. Осы тізбектің ең маңызды тұсында ASML тұр. Яғни AI нарығы қаншалықты жылдам өссе, компанияның құрылғыларына деген сұраныс та соншалықты артады.
ASML екінші тоқсанда 9,33 млрд еуро табыс түсіріп, сарапшылардың болжамынан жоғары нәтиже көрсетті. Компания 2026 жылға арналған түсім болжамын 43-45 млрд еуроға дейін көтерді. Сонымен қатар 2027 жылға жоспарланған EUV құрылғыларына тапсырыстардың басым бөлігі алдын ала беріліп қойған.
Дегенмен триллион долларлық межеге жету оңай емес. Инвесторларды технологиялық компаниялардың AI дата-орталықтарына жұмсап жатқан миллиардтаған долларының қанша уақытқа дейін жалғасатыны алаңдатады. Бұған қоса, АҚШ-тың Қытайға чип жабдықтарын жеткізуге қатысты шектеулері ASML бизнесіне қысым түсіруі мүмкін.
Соған қарамастан, компанияның әзірге теңдесі жоқ технологиясы мен орасан зор тапсырыстары ASML-ді Еуропадағы ең қымбат компаниялардың біріне айналдырды. Егер AI-чиптерге сұраныс қазіргі қарқынын сақтаса, ASML үшін 1 трлн доллар межесі енді қол жетпес арман емес.
Тағы да оқыңыз: DeepSeek негізін қалаушы Лян Вэньфэннің байлығы 36 млрд долларға жетті.