Алматы – Қаскелең жолын 8 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Алматы мен Қаскелең арасындағы жол 8 жолаққа дейін кеңейтіледі
Алматыдан Қаскелеңге көлік тығынынсыз жететін күн туады / фото: Көлік министрлігі

«Алматы – Бішкек» автожолының мегаполистен Қаскелеңге дейінгі сегіз шақырымын кеңейту жобасы іске асырыла бастады. Жол 8 жолаққа дейін кеңейтіледі. Бұл туралы Kursiv.Media Көлік министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Енді Алматы қаласынан Қаскелеңге дейін кідірмей жетуге болады. Жоба жолдағы кептелісті азайтып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруды көздейді.

Министрлік мәліметінде «заманауи көлік инфрақұрылымы» туралы айтылды. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 527 метр болатын 9 жерүсті жаяу өткел, жалпы ұзындығы 282 метрлік 2 кері бұрылыс көлік айрығы, 23 автобус аялдамасы, ұзындығы 12,9 км сыртқы жарықтандыру жүйесі, су өткізу құрылыстары және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи элементтер салынады. Сонымен бірге ұзындығы 18,5 шақырымнан асатын металл тосқауыл қоршаулар орнатылып, 305 жол белгісі қойылады.

Алматы мен Қаскелең арасындағы жол 8 жолаққа дейін кеңейтіледі
Жол бойындағы құрылыс / фото: Көлік министрлігі

Қазір құрылысқа қажетті жол-құрылыс техникасы мен мамандар толық жұмылдырылған. Жұмыс алаңында экскаваторлар, бульдозерлер, автосамосвалдар, фронтальды тиегіштер, автогрейдерлер және өзге де арнайы техникалар жүр.

Құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр: топырақтың құнарлы қабаты алынып, жол жолағы шегіндегі жасыл желектер тазартылып, құрылыс жұмыстарының келесі кезеңдерін жүргізуге арналған аумақ әзірленіп жатыр.

«Алматы – Қаскелең» жолы жөнделгелі жатқаны бір апта бұрын жарияланған. Сол кезде  Ұзынағаш ауылына дейін ұзындығы 32 шақырым болатын балама жол мәселесі де айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз