Қазақстанда көлік алу жеңілдеуі мүмкін: автолизинг пен несиеге өзгеріс енгізіледі

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Қазақстанда автонесие мен автолизингті жеңілдету жоспарланып отыр / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда көлік сатып алуды жеңілдету үшін автонесие мен автолизинг жүйесін өзгерту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту және автонесие рәсімдеудегі кейбір талаптарды қайта қарау көзделуде. Үкімет жинында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев осылай деп мәлімдеді.

Автокөлік сатып алу қолжетімді болмақ

Министрдің айтуынша, автомобиль өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттарының бірі – халық үшін автокөліктің қолжетімділігін арттыру.

«Осы мақсатта автонесиелеу мен лизинг тетіктерін жетілдіру, оның ішінде борыштық жүктеме коэффициентін алып тастау және жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту көзделуде», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Автокомпоненттер өндірісі күшейтіледі

Министрдің сөзінше, басым бағыттардың бірі – елімізде жаңа автокомпоненттер өндірісін дамыту және қазақстандық кәсіпорындарды әлемдік жетекші автокомпаниялардың өндірістік тізбегіне қосу. Бұл отандық автомобиль жасау саласындағы локализация деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Электромобильдерге арналған инфрақұрылым кеңейеді

Автомобиль өнеркәсібін дамыту аясында электр және гибридті көліктер өндірісіне де басымдық беріледі.

Осы бағытта:

  • электр және гибридті көліктер өндірісін дамыту;
  • зарядтау станцияларының желісін кеңейту;
  • пилотсыз көлік технологияларын енгізуге қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жоспарланған.

Импортқа бақылау күшейеді

Министрдің айтуынша, автокөлік импорттау кезінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі.

Бұл отандық өндірушілер мен импорттаушылар үшін тең әрі ашық бәсекелестік орта қалыптастыруға, сондай-ақ заңсыз импорт схемаларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда автокөліктерді сынақтан өткізетін зертханалар ашылады

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, алдағы жоспарлардың қатарында меншікті зертханалық базаны құру да бар.

Мұндай зертханалар автокөліктер мен олардың бөлшектерінің техникалық талаптарға сәйкестігін Қазақстанда растауға, жаңа өнімдерді нарыққа тезірек шығаруға және отандық өндірістің дамуына серпін беруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін автонесие нарығында төмендеу байқалған еді. 2026 жылдың мамыр айында берілген автокредит көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,3%-ға азайған.

Сондай-ақ оқыңыз