ERG акционерлері тау-кен алыбын екіге бөлгелі жатқаны рас па

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
ERG
Фото: kursiv.media архиві

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ERG (Eurasian Resources Group) акционерлерінен бизнесті екіге бөлу туралы өтініш түспеген. Бұл туралы үкімет отырысынан кейінгі брифингте министр Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Нағаспаевтың айтуынша, егер акционерлер мұндай қадамға бел байласа, ең алдымен ведомствоға ресми өтініш түсіруге тиіс. Одан кейін министрлік мәселені құзырлы органдармен бірлесе талқылап, келісімге рұқсат беру-бермеу жөнінде нақты қорытынды шығарады.

Әзірше мұндай хат тіркелмеген. Министр ERG қожайындары іштей қандай да бір келіссөз жүргізіп жатқан күннің өзінде, мемлекеттік органдар деңгейінде әлі ешқандай ресми әрекет жасалмағанын ескертті.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сүйеніп, ERG акционерлері топты қайта құрылымдауды көздеп отырғанын жазған еді. Ақпаратқа сәйкес, жеке акционерлер Шухрат Ибрагимов пен Шахмұрат Мүтәліп компания бизнесін қазақстандық және халықаралық деп екі бағытқа бөлуді өзара талқылап жатқан көрінеді.

ERG-дің құрылтайшылары – «үштік» деп аталатын олигархтардың (Машкевич, Шодиев, Ибрагимов) мұрагерлері еді. Биыл кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп Патох Шодиев (18,6%) пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінен (20,7%) ERG-дің 39,3% акциясын сатып алған.

Сондай-ақ оқыңыз