Оң рульді көліктерге қалалар арасында жүруге тыйым салына ма – министр жауабы

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанда оң рульді көліктерді жүргізуге тыйым салу мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Министр елде оң рульді көліктерді елге әкелуге тыйым салынғанын еске салды.
«Жол қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті. Бұл мәселені тек Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ғана емес, Ішкі істер министрлігі де көтеріп отыр. 2007 жылдан бастап Қазақстанға оң рульді автокөліктерді әкелуге тыйым салынған. Сондықтан бұл жерде бастысы – талаптардың сақталуын бақылау. Импортқа тыйым салу қазірдің өзінде бар», – деді Нағаспаев.
Брифинг барысында журналистер министрден оң рульді көліктерді қалааралық жолаушылар тасымалында пайдалануға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр ма деп сұрады.
«Бұл сұрақты жол қауіпсіздігі мәселесімен айналысатын Ішкі істер министрлігіне қойған дұрыс. Біз автомобиль өнеркәсібіне жауапты мемлекеттік орган ретінде қажетті шараларды қабылдадық. Атап айтқанда, көліктерді елге әкелуге және оларды Қазақстан аумағында пайдалануға қатысты барлық қажетті шектеулер енгізілді. Ендігі мәселе – тиісті органдардың бақылауында», – деп түсіндірді министр.
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов көліктердің заңсыз әкелінуіне қарсы шараларды күшейтуді тапсырған болатын. Оның айтуынша, елге техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктердің әкеліну жағдайлары әлі де кездеседі.