Мбаппе қайта оралды: EA Sports FC 27 ойынының мұқабасы мен жаңа режимі таныстырылды

Electronic Arts (EA) компаниясы EA Sports FC 27 футбол симуляторының мұқабасын таныстырды. Жаңа ойынның бейнесі ретінде мадридтік «Реал» мен Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе таңдалды.
Франциялық шабуылшы әлеуметтік желідегі анонсқа: «Мұқабаға қайта оралдым. Тағы да ойынға дайынмын», – деп жазба қалдырды.
EA Sports FC 27 симуляторының толыққанды ресми тұсаукесері 23 шілде күні Қазақстан уақытымен сағат 21:00-де өтеді.
Төрт жылдан кейінгі оралу
Килиан Мбаппе бұған дейін, ПСЖ сапында жүргенде FIFA 21, FIFA 22 және FIFA 23 ойындарының мұқабасында бой көрсеткен еді.
Мбаппе өткен маусымда «Реал Мадрид» сапында 31 матчта 25 гол соғып, 5 нәтижелі пас берсе, Әлем чемпионатында 10 гол және 4 нәтижелі паспен үздік сұрмерген атанды.
EA Sports FC 27 ойыны қашан шығады?
Ойын өндірушілері ұсынған ақпаратқа сәйкес, жаңа симулятор (Early Access) 18 қыркүйекте сатылымға шығады.
Ойынның ең басты жаңалығы The Grounds деп аталатын ашық әлем режимі. Мұнда ойыншылар қаланы және оның айналасын еркін аралап, өз виртуалды футболшысын алаңнан тыс жерде де дамыта алады.
Ашық әлемді зерттеу, кейіпкердің сырт келбетін өзгерту, киім-кешек пен жабдықтар сатып алу, спорт залдарында жаттығу жасау, беделді арттыру үшін көше футболы алаңдарында матчтарға қатысу және жаңа шеберліктерді ашу қарастырылған.