15 минутта қуатталатын жаңа Exeed ES сатылымға шықты. Бағасы қанша

Chery концерні Қытайда жаңартылған Exeed ES седанының сатылымы басталды. Көлік лазерлік қашықтық өлшеу (лидар), қуатты электрондық жүйемен және жүргізушіге көмек көрсететін кеңейтілген функциялар жиынтығымен жабдықталған.
Автокөліктің бастапқы бағасы 179,9 мың юань немесе шамамен 12,5 млн теңге.
Жаңа модель үш түрлі нұсқада ұсынылады: екі тізбекті гибрид және бір толық электрлі нұсқа.
| Нұсқасы | Қытайдағы бағасы | Теңгемен есептегенде |
|---|---|---|
| Hybrid 302 Max | 179,9 мың юань | 12,5 млн теңге |
| Hybrid 255 Ultra AWD | 199,9 мың юань | 13,9 млн теңге |
| Electric 860 Max | 209,9 мың юань | 14,6 млн теңге |
Бұл – Қытайдағы ресми бағаларды тікелей теңгеге аударғандағы сома, оған жеткізу, салық және басқа да шығындар кірмейді.
Exeed ES моделінің Қазақстанда қашан сатылымға шығатыны және бағасы әзірге жарияланған жоқ.

Жаңартылған модельдің басты жаңалығы – шатырға орнатылған лидар. Енді барлық жинақтамалар Falcon 700 интеллектуалды жүйесімен жабдықталған. Ол камералар, радарлар және ультрадыбыстық сенсорларды қоса алғанда 27 датчиктің көмегімен жұмыс істейді. Ал барлық деректерді Nvidia Orin-Y процессоры өңдейді.
Жүйе қала ішінде, тас жолда және тұраққа қою кезінде жүргізушіге көмек көрсете алады. Дегенмен Exeed ES толық автономды көлік емес, сондықтан жүргізуші жол жағдайын үнемі бақылап отыруы тиіс.
Салонда 15,6 дюймдік мультимедиялық экран орнатылған. Ол Snapdragon 8295P чипімен жұмыс істейді. Сонымен қатар өндіруші шанаққа арналған екі жаңа түсті қосып, белсенді артқы спойлерді сақтап қалған.

Артқы жетекті гибрид нұсқасы электр қуатымен 302 шақырымға дейін, ал толық жетекті нұсқасы 255 шақырымға дейін жүре алады. Жалпы жүріс қоры тиісінше 1685 және 1570 шақырымды құрайды.
Толық электрлі нұсқа сыйымдылығы 100,2 кВт·сағ болатын батареямен жабдықталған. Бір қуаттаумен 860 шақырымға дейін жүруге қабілетті. Ал аккумуляторды 30%-дан 80%-ға дейін шамамен 15 минутта қуаттауға болады.

Айта кету керек, бұл көрсеткіштер Қытайдың CLTC сынақ циклі бойынша есептелген. Сондықтан нақты пайдалану жағдайында көліктің жүріс қоры бұдан төмен болуы мүмкін.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстандағы ресми дилерлер EXEED-тің 4 негізгі моделін сатады:
- EXEED LX – ықшам кроссовер;
- EXEED TXL – орта өлшемді кроссовер;
- EXEED RX (сондай-ақ RX PHEV гибриді) – орта өлшемді кроссовер;
- EXEED VX – флагмандық толық өлшемді кроссовер.
Олардың ішінде RX бензинді және RX PHEV қосылатын гибрид нұсқаларымен ұсынылады.