Жамбыл облысының тұрғыны күзетші болып жұмыс істегенін сот арқылы дәлелдеді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Жамбыл облысында ер адам күзетші болып жұмыс істеген төрт жылдық еңбек өтілін сот арқылы дәлелдеп шықты.

Бұл еңбек өтілі оның зейнетақы тағайындауына қажет болған.

Жуалы аудандық соты азамат Е.-нің заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы өтінішін қарады.

Еңбек кітапшасына жазылмаған

Сот материалдарына сәйкес, азамат зейнетке шығар алдында уәкілетті органдарға төрт жыл күзетші болып жұмыс істегенін дәлелдей алмаған.

Тексеру барысында оның 1989-2000 жылдары бірнеше колхоз бен кәсіпорында еңбек еткені анықталды. Алайда еңбек кітапшасына 1996-2000 жылдары «Жуалы-3» кәсіпорнында күзетші болып істегені туралы жазба енгізілмеген.

Осыған байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындайтын орган аталған кезеңдегі еңбек өтілін есепке алудан бас тартқан.

Сот не шешті

Сот азаматтың бұл деректі басқа жолмен дәлелдеуге және өз құқығын қорғауға мүмкіндігі жоқ деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде сот өтінішті қанағаттандырып, азамат Е.-нің 1996-2000 жылдары «Жуалы-3» кәсіпорнында күзетші болып жұмыс істегенін заңды түрде таныды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін осындай жағдайға қатысты сұраққа Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов жауап берді. Ол зейнетақы тағайындату үшін еңбек өтілі архивтік анықтама арқылы расталуға тиіс екенін, ал еңбек кітапшасында елеулі қателер анықталса, заңды фактіні сот тәртібімен белгілеу қажет болатынын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз