Мас болып көлік айдағандарға жауапкершілік күшейтіледі

Енді 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет. Бұл талап 25 тамыздан бастап күшіне енеді. Одан бөлек мас күйде көлік айдағандаға жаза күшейтіледі.
Медициналық тексеру
Азаматтың міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәлімет денсаулық сақтау министрлігі мен ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде жіберіледі.
«Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік айдауға болатыны расталмаса, көлік жүргізу құқығы тоқтатылады.
ІІМ хабарлауынша, жолда жүру өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін.
Мысалы, жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу сияқты өрескел құқық бұзушылықтар саналады.
Бұл талап барлық жүргізушіге емес, тек заңда нақты көзделген жағдайларда ғана қолданылады.
Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлікті басқару құқығын тоқтатуға негіз болады.
8 жыл жүргізуші куәлігін ала алмайды
Сонымен қатар мас күйде көлік айдағаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі болмаса, құжатты 8 жыл бойы ала алмайды.
Айта кетейік, 25 тамыздан бастап Алматыда электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады.