Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беретінін мәлімдеді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Аида Балаева Абу-Дабидегі VII Мәдениет саммитіне қатысты
Фото: kursiv.media архиві

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығына келісім беретінін мәлімдеді.

Вице-премьер «адам өмірі – табиғаттың бірегей сыйы әрі бұл дүниеде ешнәрсемен өлшеуге келмейтін ең жоғары құндылық» екенін атап өтті.

«Бұл мемлекетпен де, қоғаммен де, заңмен де, дінмен де мойындалған шындық. Әрине, бұл баршамызға ортақ, түсінікті ой. Бірақ, күні кеше «Хабар» арнасы түсірген «4739» деректі фильмін көріп отырып, осы ақиқаттың қаншалықты терең, қаншалықты маңызды екеніне тағы бір рет көз жеткізгендеймін. Сөз жоқ, бұл фильм біздің адам өмірін сақтаудағы технологиялық мүмкіндіктерге ғана емес, ең алдымен әр адамға тән үміт пен өмірге құштарлық, жүрек жылатар өкініш пен қуаныш, рухани күрес сияқты үлкен сезімдерге көзімізді қайта ашқандай», – деп жазды Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 4739 адам трансплантация кезегінде тұр.

«Бұл дегеніңіз 4739 үміт, елжіреген жүрек, жалтақтаған жанар. Олардың арасында 125 бала бар», – деді Аида Балаева.

Ол елімізде трансплантация операцияларының шамамен 90%-ы тірі туыстық донорлардың көмегімен жасалатынын атап өтті. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлық үлесі 10%-ға да жетпейді.

«Әрине, донор болу немесе болмау – әр адамның жеке таңдауы. Бұл – өте нәзік әрі күрделі мәселе. Мұндай шешімге ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Меніңше, бұл тақырыпта ең маңыздысы – екі тараптың да жағдайын түсіне білу. Бір жағында – ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында – ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр. Сондықтан осы екі жағдайдың арасындағы нәзік шекара әрдайым сақталуы керек. Бұл жерде ешқандай қысым да, айыптау да болмауы тиіс. Тек әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешіміне деген құрмет болуы қажет», – деп толықтырды министр.

Вице-премьер өзінің қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беретінін мәлімдеді.

«Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін», – деп мәлімдеді Аида Балаева.

Оның айтуынша, бұл мәселені қорқыныш тұрғысынан емес, адам өміріне деген терең құрметпен, жауапкершілікпен және саналы көзқараспен талқылау қажет.

«Өйткені адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ал оны сақтап қалуға бағытталған әрбір ізгі қадамның маңызы зор. Трансплантацияға мұқтаж әр адамның артында өмірге деген үлкен үміт тұр. Сол үмітті үзбеу – баршамызға ортақ адамгершілік міндет деп ойлаймын», – деп түйіндеді Аида Балаева.

Айта кетейік деректі фильмді 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көруге болады.

Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда 172 мыңнан астам азамат eGov порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына қатысты өз еркін білдірген. Оның ішінде 16 109 адам донор болуға келісім берген, ал 156 174 азамат мұндай шешімнен бас тартқан.

Сондай-ақ оқыңыз