«Дубай шақырады»: Әмірлік билігі жеңілдікпен турист тартуды көздейді

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Түнгі Дубай қаласы
Түнгі қала / фото: Дубай әкімдігі

Дубай әмірлігінің экономика және туризм департаменті «Дубай шақырады» деп аталатын жаңа бағдарлама жариялады. Ол бойынша әмірлік резиденттері шетелде тұратын туыстары мен достарына жеңілдігі бар шақырту жолдай алады.

Бағдарлама 2026 жылғы 31 қазанға дейін жалғасады. Дубайдың белсенді резиденттері қала елшісі атануға мүмкіндік алады.

«Қала тұрғыны болсаң, ата-анаңды, әйеліңді/күйеуіңді, балаларыңды немесе достарыңды шақыр. Біз оларға тиімді жеңілдік ұсынамыз. Ал сен оларға Дубайдың ең әсерлі жерлерін көрсет. Осылайша қаланы тағы көп адам танып, оның сұлулығына тәнті бола алады», – деп мәлімдейді Дубай әмірлігі. Жаңа бағдарлама туралы мәлімет қала билігінің X әлеуметтік желісіндегі парағына жарияланды.

Ресми мәлімдемеде жаңа бағдарламаға әлемнің 200-ге жуық елінің азаматтары қатыса алатыны айтылған.

Дубай қаласындағы зәулім ғимараттар
Ирандағы соғыс туристер ағынына кері әсер етті / фото: Дубай әкімдігі

Арнайы жеңілдікті шақыртушы алады, бірақ оның игілігін шақырту алушы көреді. Мәселен, резидент 3 мың дирхамға дейін (шамамен 380 мың теңге) жеңілдік пакетіне ие болады. Оның ішіне қонақүйлерге 35-45% жеңілдік, мейрамханаларға арнайы ұсыныстар, аттракциондарға жеңілдік немесе тегін билет, қаладағы басқа туристік қызметтер бойынша жеңілдік кіреді. Қонақүйлердің кейбірі тегін бөлме ұсынуы да мүмкін.

«Дубай шақырту» алушы әмірлік резиденті болмауға тиіс. Оған бағдарлама аясында ақша төленбегенімен, көптеген жеңілдікті пайдалана алады.

Дубай қаласындағы ғимарат
Әмірлік турист тартуды көздейді / фото: Дубай әкімдігі

2026 жылғы 28 ақпанда Иранда басталған соғыс Таяу Шығыс елдеріне, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктеріне туристер ағынын күрт төмендетті. Өйткені әлем елдерінің әуе компаниялары Парсы шығанағындағы бірнеше елге әуе қатынасын үзді. Олардың арасында Дубай да бар. Себебі көктемнің басында Иран оны да бірнеше мәрте зымырандармен, дрондармен атқылаған. Қазір Әмірлік билігі туристер ағынын қалпына келтіруге талпынып жатыр.

Айта кетейік, Air Astana 14 шілдеде Дубайға қайтадан қатынай бастағанын жариялаған. Алайда екі күннен кейін-ақ рейстерді 31 тамызға дейін тоқтатты. Мұндай шешім қабылдауға «аймақтағы жағдайдың нашарлауы» түрткі болды.

Сондай-ақ оқыңыз