Сүт фермасындағы қайғылы оқиға: алты жұмысшының қазасын арнайы комиссия тексереді

Павлодар облысында «Aqtogai Milk» сүт фермасында алты қызметкердің қаза болуына байланысты оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Комиссия құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері енді.
«Комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерделеу, жазатайым оқиғаның себептерін анықтау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу жөнінде нақты шаралар әзірлеу тапсырылды», – делінген хабарламада.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Павлодар облысына барып, оқиға орнындағы жағдаймен танысты. Сондай-ақ ол осы мәселеге арналған үйлестіру кеңесін өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 20 шілдеде «Aqtogai Milk» ЖШС сүт фермасында қайғылы оқиға болды. Кәріз құдығында жеті жұмысшы электр сорғышындағы ақауды жойып жатып, уланып қалған. Жазатайым оқиға салдарынан алты адам қаза тапты. Аман қалған 38 жастағы ер адам ауруханаға жатқызылды.
Қаза тапқан алты қызметкердің отбасына жан-жақты қолдау көрсетілмек. Компания жыл соңына дейін олардың жалақысын төлеудің, несие міндеттемелерін өтеуге көмектесуді және балалары кәмелетке толғанға дейін оқу шығындарын өз мойнына алуды жоспарлап отыр.