Алматыда бесінші қабаттан құлаған төрт жасар бала аман қалды

Алматыда тұрғын үйдің бесінші қабатынан құлап, ауыр жарақат алған төрт жасар бала аман қалды.
Оған дәрігерлер күрделі нейрохирургиялық ота жасап, оның өмірін сақтап қалды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Бала Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына ауыр хәлде жеткізілген. Тексеру барысында дәрігерлер оның көптеген жарақат алғанын, соның ішінде бірінші бел омыртқасының ығысқан компрессиялық сынуы жұлынға қысым түсіргенін анықтаған.
Дәрігерлер екі кезеңмен ота жасады
Мамандар науқастың жағдайын ескеріп, емдеуді екі кезеңге бөлген. Алдымен нейрохирургтер жұлын өзегіндегі қысымды азайту үшін ота жасаған. Кейін бел омыртқасы арнайы бекіту жүйесінің көмегімен тұрақтандырылған.
Күрделі операцияны нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаевтың жетекшілігімен нейрохирургтер Мұхтар Ибрагимов пен Алтай Анарбай жүргізген.
Бала қайта жүре алады
Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында баланың қозғалу және сезіну қабілеті сақталып қалды.
«Біз баланың қозғалыс қызметін қалпына келтірдік. Оңалту курсынан кейін ол өздігінен жүре алады», – деді Айдын Нүсіпқожаев.
Қазіргі уақытта кішкентай науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарған. Стационарлық ем аяқталған соң ол үйіне шығарылып, амбулаториялық бақылау мен оңалту емін жалғастырады.
Ал Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 5-қабаттан абайсызда аяғы тайып, құлаған 26 жастағы жігітті дәрігерлер аман алып қалған еді.