«Тарақандар» қозғалысы Үндістанның ірі қалаларына таралды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Үндістан жастарының тарақандар қозғалысы
Студенттер мен жастарға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданылды / фото: REUTERS/Anushree Fadnavis

Үндістанда жастар қозғалысы күшейіп келеді. 22 шілдеде өздерін «тарақандар» деп атаған қозғалыс өкілдері Нью-Делиде парламент ғимаратына кіріп, заң шығарушы орган жұмысы уақытша тоқтады. Студенттер мен жастар қозғалысы Үндістанның басқа да ірі қалаларына тарап жатыр.

Тарақандар көтерілісінің басталуына Ұлттық жарамдылық және оқуға түсу тесті – NEET емтиханының жауаптары тарап кетуі себеп болған. Осы аптада қозғалыс премьер-министр Нарендра Моди үкіметіне айтарлықтай қысым жасап үлгерді.

Дүйсенбі күні астанада жастар мен полиция қақтығысып, күш құрылымдары «тарақандарға» қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды. Ал сейсенбі күні Индира Гандидің немерелері жастарды қолдап, наразылық акциясына шықты. Конгресс белсендісі Рахул Ганди студент жастарға күш көрсеткен Моди үкіметінің биліктен кетуін талап етті.

Сәрсенбі күні Ганди бастаған оппозициялық депутаттар тобы Нью-Делидегі парламент ғимаратының алдына жиналды. Олар көбі қара түсті киім киіп, білім министрінің қызметтен кетуді талап еткен плакаттар ұстап тұрды.

Парламент ғимаратына кірген оппозициялық депутаттар полицияның ереуілдегі жастарға күш көрсетуі мен емтихан жауаптарының таралуын талқылауын талап етті. Парламент жұмысы соған байланысты уақытша тоқтап қалған. Бұған дейін Моди үкіметі білім беру саласында ауқымды реформа жүргізуге уәде берген.

Reuters мәліметінше, жастар мен оппозициялық топтардың шерулері Мумбай, Бангалор, Калькутта, Гоа, Гувахати, Тривандрум, Джамму және Ахмедабад қалаларында да өтті.

Астанада қауіпсіздік күшейтілген. Орталық аудандарда метроның 16 станциясы жабық тұр.

Сондай-ақ оқыңыз