Маңғыстауда жаңа «Шетпе» вокзалы ашылды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Алматы - 1 вокзал
Маңғыстауда жаңа «Шетпе» вокзалы ашылды / Фото: ҚТЖ

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданындағы «Шетпе» теміржол вокзалының жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады өңір әкімдігі.

«Бүгін біз маңызды оқиғаның – жаңа «Шетпе» теміржол вокзалының ашылуының куәсі болып отырмыз. Бұл – Маңғыстау ауданының заманауи көліктік визит картасына айналатын маңызды инфрақұрылымдық нысан. Көптеген жылдар бойы «Шетпе» вокзалы мыңдаған жолаушыны қарсы алып, шығарып салды. Бүгінде ол сапа, қауіпсіздік және қолжетімділіктің заманауи стандарттарына сай толықтай түрленді», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Жобаны іске асыру нәтижесінде вокзал ғимаратының ауданы бес еседен астамға – 201,2-ден 1 103 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Нысанның өткізу қабілеті екі есеге – тәулігіне 100-ден 200 жолаушыға дейін өсті, бұл қызмет көрсету сапасын айтарлықтай арттыруға және жолаушылар тасымалын одан әрі дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жергілікті биліктің айтуынша, аумақты абаттандыруға ерекше назар аударылған: ауданы 2 100 шаршы метр болатын жаңа жолаушылар перроны салынды, берік жабын төселді, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тактильді плиткалар орнатылды, абаттандыру және навигация элементтері монтаждалды.

Облыстық әкімдікте атап өткендей, «Шетпе» вокзалын жаңғырту Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын жаңартудың ауқымды бағдарламасының бір бөлігі.

Ел бойынша барлығы 125 теміржол вокзалы қайта жаңартылуда. Маңғыстау облысында «Шетпеден» бөлек, «Маңғыстау» және «Бейнеу» вокзалдарында жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыз