Бюрократия келбеті: әйгілі фотограф Ян Беннингтің суреттері

Америкалық антрополог Дэвид Гребер атап өткендей, бюрократия (қағазбастылық) – нағыз әлеуметтік жоралғы. Әр қоғамда адам баласының дүниеге келуі, шаңырақ көтеруі, өмірден озуы, т.б. маңызды оқиғаларға орай атқарылатын рәсімдер бар. Антрополог ғалымдар бұларды «бір күйден басқа күйге өту жоралғылары» санатына қосып, қызыға зерттейді.
Мысалы, адамның о дүниелік болуын растап, көзі тірісінде қалдырған өсиетін орындамаққа біраз қағаз толтырып, өкілетті органдарға, қызмет көрсететін түрлі мекемелерге жүгінетін жағдайлар бар емес пе.
Сондай кезде көзге түсетін орта мен лауазымды тұлғалардың бейнесі қандай? Шетелдік бюрократтар өзіміздің шенеуніктерге ұқсай ма?

Әйгілі голланд фотографы Ян Беннингтің осы тақырыпқа арналған «Bureaucratics» атты айтулы фотожобасы бар. Автор 2003-2007 жж. аралығында әлемнің бірнеше елін (Франция, Йемен, Ресей, Үндістан, Қытай, АҚШ, Боливия) аралап, сондағы мемлекеттік қызметкерлерді жұмыс орнында отырған кезінде суретке түсіріп алған.

Фотосуреттердегі шенділердің бәрі кеңседе, жұмыс үстелінде отыр.

Үстел – бюрократия, билік символы, лауазым иесін өзгелерден оқшаулап, мәртебесін әйгілеп тұрған қоршау. Ал кеңсенің түрі, жабдықталуы, безендірілуі – жергілікті мәдениет ерекшеліктері мен қаржыландыру деңгейінен хабар берсе керек.

Мысалы, Боливияның бір полиция бөлімшесінде түсірілген жоғарыдағы суретке назар салсаңыз, мұнда не телефон, не компьютер көрінбейді.

Мемлекеттік қызметке өнер саласынан келген мамандар да бар. Жобаның сондай бір кейіпкері – ресейлік Марина Березина бюджеттік мекемедегі хатшылық жұмысқа келмей тұрғанда әнші әрі хор жетекшісі болған.

Франция азаматы Анжелика Ламбер небары 51 адам тұратын Вассонь коммунасының (Пикардия аймағы, Эна департаменті) әкімшілігінде хатшы болып істейді. Жақын маңдағы тағы үш елді мекенде де осындай қызметті қоса атқарып жүр, аптасына 35 сағат жұмыс істейді.

Кабинеттен шықпай да «өкім шығара алатындарға» иек артқан бюрократияның кезінде суретке түскен келбеті осы.