Айыппұл әсер етпейді: экс-депутат NCOC басшыларын да жауапқа тартуды ұсынды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Қашаған мұнай-газ кен орнындағы өндіріс кешені
Консорциумның Қашағандағы өндіріс кешені / фото: NCOC

Мәжілістің бұрынғы депутаты Абзал Құспан үкіметтің Қашаған операторы басшылығын жауапқа тарту әрекетін қолдайды. Заңгердің пікірінше, топ-менеджерлер қылмыстық жауапкершілікті тікелей сезінген уақытта ғана экология талаптарын орындауға бейім болады.

Топ-менеджерлердің дербес жауапкершілігі

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан әділет министрлігі NCOC-тың атқарушы директоры Джанкарло Руюге экологияға қатысты «талап орындалмағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік» бар екенін ескерткені осы аптада мәлім болған. Экс-депутат Абзал Құспан қазақ үкіметінің осы әрекетін құптады.

«Мен мұндай тәсілді толық қолдаймын. Осындай идеяны мен бұған дейін де көтергенмін. Әңгіме қылмыстық жауапкершілік қана емес, сонымен бірге экология талаптарын сақтамаған операторлардың лауазымды тұлғаларының дербес жауапкершілігі туралы болып отыр», – деп жазды Абзал Құспан Facebook-тегі парағына.

Қазір Қазақстан үкіметі мен Қашаған операторы – NCOC консорциумы 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұл төңірегінде соттасып жатыр.

Миллиардтаған доллар айыппұл әсер етпейді

Заңгер қоршаған ортаны ластамау ережелерін орындату үшін миллиардтаған айыппұлдардың әсері шамалы деп есептейді. Бұл ретте экс-депутат мұнай алпауыттары шығынды «өндірілген шикізатты бөлуге қатысты механизммен өтеп алады» деген пікірді алға тартты.

«NCOC жағдайында осындай механизм жұмыс істейді деп мәлімдей алмаймын, бірақ басқа да операторларға қатысты осындай әңгіме көптен бері айтылып жүр. Рас болса, онда миллиардтаған айыппұлдар компаниялар үшін айтарлықтай әсер ете қоймайды«, – деп есептейді Құспан.

Сол себепті, заңгердің пікірінше, экология талаптарын сақтау үшін топ-менеджерлердің өздері жауапкершілікті сезінуге тиіс.

«Басшылардың дербес жауапкершілігі әлдеқайда тиімді құралға айналады. Лауазымды тұлға қабылдаған шешімі үшін әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсінген кезде, оның экология талаптарын сақтауға қатысты көзқарасы мүлдем өзгереді», – дейді экс-депутат.

Істің саяси астары

Абзал Құспан кез келген қылмыстық қудалау заңды түрде «мінсіз, дәлелдерге негізделген және заң талаптарына толық сәйкес» келуі тиіс екенін ескертті. Оның пікірінше, мұндай әрекет инвестор құқығының бұзылуы, инвестициялық климаттың нашарлауы, істің саяси астары туралы мәлімдемелерге негіз болмауға тиіс.

Әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі – Қашағанды игеретін NCOC пен оның мердігерлері қазақ үкіметі салған 5 млрд доллар айыппұл негізсіз деп есептейді. Іс қазір халықаралық сотта қаралып жатыр.

Консорциум құрамына Shell, Eni, TotalEnergies, Exxon Mobil, CNPC, Inpex және ҚазМұнайГаз кіреді. Бұған дейін NCOC даулы іс сотта қаралып жатқан уақытта айыппұл төленбейді деп мәлімдеген.

Бір апта бұрын Әділет министрлігі айыппұлды ерікті түрде төлеуге 20 шілдеге дейін уақыт бергенін, содан кейін шамамен 5 млрд долларды өсімпұлымен бірге мәжбүрлеп өндіруге көшетінін ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз