Түркістанда 3 млрд теңге жымқырған қылмыстық топтың 27 мүшесі сотталды

Түркістанда 3 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топтың 27 мүшесі сотталды.
Олардың әрқайсысына қылмыстағы рөліне қарай 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Агробизнесті қолдау қаржысына қол сұққан
Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ақпаратына қарағанда, 2016-2021 жылдары «КТ Яссы Несие» ЖШС басшылығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ірі қара мал сатып алуға арналған агробизнесті қолдау бағдарламасы аясында бөлінген қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Несие алу мақсатында жоқ адамның атына жалған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер тіркелген.
Жоқ кепіл мүлкі
Өтінімдерге қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, құқық белгілейтін құжаттар және іс жүзінде жоқ кепіл мүлкі қоса ұсынылған.
«Несиелеу мамандары қажетті құжаттарды әзірлеп, жалған несиелік қорытындыларды, тексеру актілерін және қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны туралы құжаттарды рәсімдеу арқылы несиенің заңды түрде берілгені туралы жалған көрініс қалыптастырған. Бағалаушылар мен кепілдік қамтамасыз ету мамандары мүлікті бағалау туралы жалған есептер жасап, шын мәнінде жоқ немесе көрсетілген құнына сәйкес келмейтін мүліктің бар екенін растаған», – делінген ҚМА ақпаратында.
24 жалған несие
Ал нотариустар ақшалай сыйақы үшін кепілге қойылатын мүлікке қатысты жалған құжаттарды куәландырған. Тергеу барысында 33 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі анықталды. 24 жалған несие рәсімделіп, кепіл ретінде іс жүзінде жоқ 54 нысан ұсынылған. Сот шешімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, 2 пәтер, 4 коммерциялық үй-жай және 4 автокөлік тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кететін жайт, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру фактісі бойынша екі жекеменшік клиниканың басшылығы тергеуге алынды. Ол жерде ер адамдарға әйелдерге қойылатын диагноз қойып келген.