Салық төлегісі жоқ: қызмет көрсету саласы «көлеңкеге» кетіп жатыр

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстанда жеке қызмет көрсету саласы «көлеңкеге» кетіп барады. Бұл саладағы көлеңкелі сектордың үлесі бір жылда екі есе өсіп, 14,5%-ға жетті, деп жазады Energyprom.

2025 жылы заңды түрде көрсетілген жеке қызметтер көлемі 961,6 млрд теңгені құрап, 9,2%-ға азайды. Соңғы жылдары мұндай айтарлықтай төмендеу болған емес.

Ресми статистика кейбір салада таңғаларлық құлдырауды көрсетеді. Ерлер шаштаразы қызметінің көлемі 5,5 есе азайып, 6,3 миллиард теңгені құрады.

Сұлулық салондарының қызметі 42,9%-ға, үй жануарларын күту (груминг) салондары 49 есе (83 млн теңгеге дейін), ақылы әжетханалар 2 есе, ал неке агенттіктеріне жүгіну 195 есеге азайған.

Бұл ретте халық тұрмыстық қызметтерден бас тартқан жоқ, бизнес жай ғана «көлеңкеге» өтіп кетті. Бұған 2025 жылы жеке кәсіпкерлерге салынатын салық және әлеуметтік жүктеменің артуы себеп болды.

Әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі 3,5%-дан 5%-ға, ал міндетті зейнетақы жарнасы 1,5%-дан 2,5%-ға дейін өсті. Сонымен бірге Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) шағын бизнесті іріктеп зерттеу әдістемесі де әсер етті.

Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы жеңілдетілген режим енгізілгенде косметикалық қызмет пен маникюр көлемі рекордтық 22,3 млрд теңгеге жетіп, көлеңкелі сектор үлесі 0,1%-ға дейін төмендеген еді. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш сол рекордтан 3 есеге құлдырады.

Өңірлік статистика да қисынға келмейді. Алматыда қызмет көрсету көлемі 4,6 есе азайып, 746,9 миллиардтан 162,4 млрд теңгеге түсті. Ал Маңғыстау облысында, керісінше, 118 есе өсіп, 2,1 миллиардтан 249,1 млрд теңгеге жетті.

Бизнестің компаниялардан дара кәсіпкер форматына өту тенденциясы байқалады. Кәсіпорындар көрсететін қызмет көлемі 21,2%-ға төмендесе, дара кәсіпте 3,2%-ға өсті. Нәтижесінде нарықтағы ДК үлесі 56%-дан асып, кәсіпорындар үлесі 43,8%-ға дейін азайды.

Бағаланбаған секторды қосқанда ҰСБ жалпы нарықты 1,1 трлн теңгеге бағалайды. Бұл 2024 жылғы деңгейден небәрі 1,1%-ға артық.

Жақында Олжас Бектенов бастаған Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы кешенді жоспарды бекітті. Билік жасанды интеллектіге негізделген сандық платформа арқылы көлеңкелі сектор үлесін ІШӨ-нің 16,7%-ынан 13,8%-ына дейін төмендету жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз