Бірыңғай QR: жүйе операторы қанша пайыз комиссия алады

Елімізде жаңа банкаралық мобильді төлем жүйесі жұмысын бастап, енді кез келген банктің POS-терминалы арқылы бірыңғай QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігі пайда болды.
Ұлттық банктің түсіндіруінше, сатып алушылар үшін бұл қызмет толықтай тегін болса, кәсіпкерлер үшін маңызды заңнамалық жеңілдік қарастырылған. Бірыңғай QR арқылы өтетін банкаралық комиссия мөлшерлемесі картамен төлеу комиссиясынан жоғары болмайды.
Егер сатып алушы мен сатушы бір банкке қарасты болса, тарифті банк өзі белгілейді.
Ал екі түрлі банк қатысатын транзакцияларда комиссия былай бөлінеді: 1%-ы сатып алушының банкіне (interchange) өтеді: банктер бұл қаражаттың бір бөлігін клиенттерге кэшбек пен бонус ретінде қайтарады, ал қалған бөлігі төлемді ұйымдастырғаны үшін сатушының банкіне қалады.
Өз кезегінде қос банк жүйе операторы – Ұлттық банктің еншілес ұйымы «Ұлттық төлем корпорациясына» телефон нөмірі арқылы жасалатын аударымдар үшін 0 теңге, ал бірыңғай QR үшін 0,05% комиссия төлейді. Осылайша, ҰТК телефон арқылы жасалатын банкаралық аударымдардан банктерден де, азаматтардан да ешқандай комиссия алмайды.
Карта арқылы төлегенде қанша комиссия ұсталады
Банктердің жеке кәсіпкерлік субъектісі ретінде инфрақұрылымды ұстауға кететін шығынын ескере отырып, Ұлттық банк бұл саладағы тариф саясатын жіті бақылауда ұстап отыр.
Бұған дейін де халықаралық төлем жүйелерімен (Visa, Mastercard, UnionPay) бірлескен жұмыстың нәтижесінде банкаралық комиссиялар екі есе төмендетілген болатын.
Жаңа төлем тәсілі бұрыннан бар қолма-қол ақшамен, картамен немесе ішкі банк QR-кодымен төлеу мүмкіндіктерін шектемейді, керісінше кәсіпкерлерге таңдау еркіндігін береді.
Алдағы уақытта бұл жүйе негізінде сұраныс бойынша төлем жасау, компаниялар мен мемлекет арасындағы есеп айырысу және шетелдік төлемдер сияқты жаңа сервистер енгізіледі. Жүйе іске қосылған алғашқы күндерден бастап 1 миллионға жуық транзакцияның өңделуі бұл қызметтің халық арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Бұған дейін кәсіпкерлер банкаралық QR жүйесінің комиссия қымбат екенін айтқан болатын.