Каспий құбыр консорциумында мұнай тиеу уақытша тоқтатылды: Министрлік түсіндірді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Каспий құбыр консорциумында мұнай тиеу уақытша тоқтатылды / Фото: Shutterstock

Қара теңіз акваториясындағы қауіпсіздік шараларына байланысты Каспий құбыр консорциумының (ҚКК) теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары уақытша шектелді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі мәлімдеді.

Министрліктің ресми ақпаратына сүйенсек, бұл қадам кемелердің, экипаж мүшелерінің және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған. Қазіргі уақытта консорциумның барлық өндірістік-техникалық нысандары штаттық режимде, ешқандай ақаусыз жұмыс істеп тұр. Акваториядағы жағдай тұрақталған бойда шикізатты қайта тиеу процесі дереу қайта басталады.

Мұнай өндіру көлемі неге азайды

Құбыр жүйесіне мұнай қабылдау уақытша шектелгендіктен және резервуарлардың шамадан тыс толып кетуін болдырмау үшін отандық мұнай компаниялары өндіріс көлемін азайтты.

«Мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіру көлемдеріне жоспарлы түрде түзету енгізді. Соның нәтижесінде өндіріс көлемі уақытша төмендеді. Бұл – өндірістік процестің тұрақтылығын сақтау үшін қабылданған таза технологиялық шара», – делінген хабарламада.

Экспорт қашан қалпына келеді

Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі ахуалды жіті бақылауда ұстап отыр. Ведомство ҚКК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және жауапты мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеуде.

Қазақстандық мұнай экспортын әлемдік нарыққа мүмкіндігінше тезірек әрі қауіпсіз қайта шығару бағытында үздіксіз консультациялар мен келіссөздер жүргізілуде.

Айта кетейік, осыған дейін Қара теңіздегі қазақ мұнайы тиелген танкерге тағы да дрон түскенін жазған едік

Сондай-ақ оқыңыз