Қазақстанда алимент төлеу тәртібі өзгереді: ақша тек арнайы шотқа түседі

2026 жылдың 25 тамызынан бастап Қазақстанда алименттер тек арнайы банктік шоттарға аударылатын болады. Жаңа ереже балалар мен еңбекке қабілетсіз жандарға арналған қаражатты өзге қарыздар үшін тыйым салынудан қорғау мақсатында енгізіліп отыр.
Әділет министрлігінің мәліметінше, бұл өзгеріс атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған жаңа заң аясында жүзеге аспақ.
Заң бойынша алиментке арналған арнайы банктік шоттағы ақшаны бұғаттауға немесе оған тыйым салуға жол берілмейді. Бұл ақшаның тек баланың немесе мұқтаж жанның қажеттілігіне ғана жұмсалуын қамтамасыз етеді.
Алимент алатын азаматтар екінші деңгейдегі банктерден арнайы шот ашып, оның деректемелерін (реквизиттерін) сот орындаушысына ұсынуы тиіс.
Арнайы шоттың деректемелері ұсынылғанша, жиналған алимент сомасы аударылмай тұрады. Алайда бұл борышкерді жауапкершіліктен босатпайды. Оның алимент бойынша берешегі сақталып, есептеле береді. Реквизиттер көрсетілген бойда жиналған ақша толық аударылады.
Әділет министрлігі мұндай шоттарды ашатын банктердің тізімі мен олардың санын есептемейтінін ескертті. Бұл мәліметтерді Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінен нақтылау қажет.
Жаңа нормалар алимент алушылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және балалардың құқығын қосымша кепілдікпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, осыған дейін Атырауда алимент төлемеген әке 1 жылға сотталып, 7 миллион теңге төлейтін болған еді.