Мейірман Шекеев Аша Матайды командасымен бірге дебатқа шақырды

Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Мейірман Шекеев тележүргізуші, актриса Аша Матайға қатысты арнайы үндеу жариялап, оны ашық пікірталасқа шақырды.
Бұған дейін желіде брифингтердің бірінде қойылған сұраққа жауап беру кезінде Аша Матайға жанындағы адамдар сыбырлап, нұсқау беріп отырғаны бейнеленген видео тараған. Осы жағдайға байланысты Аша Матай сайлау заңнамасына сәйкес белгілі бір уақытқа дейін үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатынын айтып, заң бұзбау мақсатында уақытша үнсіз қалғанын хабарлаған еді.
Мейірман Шекеевтің ұстанымы
Мейірман Шекеев жағдайға бей-жай қарай алмайтынын білдірді.
«Сайлауға түсіп, елдің тағдырын шешуге ұмтылған азаматтар халықтың, соның ішінде түрлі сала мамандарының шынайы сұрақтарына дайын болуы керек. Мен Аша Матайды дәрежесін түсіру үшін емес, сайлауға бара жатқан адам ретінде заңгерлер мен халықты толғантқан мәселелерді қалай шешетінін білу үшін дебатқа шақырамын. Кешегі бейнедегідей жанында сыбырлап жүретін 5 адамын/көмекшісін бірге ертіп келсе де мейлі, бетпе-бет сөйлесуге дайынмын», – деді.
Заңгердің сөзінше, «қисық қалыптан түзу кірпіш шықпайтыны» сияқты, ел заңын түзетуге бағыт алған өнер өкілдері кәсіби деңгейдегі сауалдарға өздігінен жауап бере алуға тиіс.
Сонымен қатар ол қоғамдағы өзекті мәселелер мен заңдағы олқылықтарды реттеу үшін саясатқа баратын тұлғалардың сауаттылығы мен дайындығы жоғары болуы қажеттігін атап өтті.
Әзірге шақыруға Аша Матай тарапынан ресми жауап берілген жоқ.
Еске сала кетейік, Тамара Асар мен Аша Матай «Қазақстан Халық партиясы» атынан құрылтай сайлауына үміткер атанған.