Жұманғарин азық-түлік бағасын тұрақтандыра түсу үшін не істелетінін айтты

Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін ішкі өндірісті ұлғайту, отандық өндірушілерді қолдау шараларын кеңейтеді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген кеңесте айтылды.
Маусым қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 10,3%-ға (мамырда 10,4%) түскен. Орташа республикалық деңгейден жоғары жылдық инфляция деңгейі 11 өңірде байқалды. Ең жоғары көрсеткіш Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Жетісу мен Ақмола облысында тіркелді.
Серік Жұманғарин Үкіметтің одан арғы іс-қимылын айқындау үшін өндіріс көлемін, ішкі тұтыну мен экспорттық жеткізілімді ескере отырып, ет және ет өнімдерін өндіру нарығына егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырды.
Бағаны тұрақтандыра түсу
Ал бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін ішкі өндірісті ұлғайту, отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту қолға алынбақ. Жыл соңына дейін өсімдік майын тазартатын үш зауытты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл ішкі нарықтағы күнбағыс майын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жақын арада нан пісіру саласының 40 кәсіпорны үшін электр энергиясына жеңілдетілген тарифті көздейтін нормативтік құқықтық акт күшіне енеді. Бұл шара өндірістік шығынды төмендетуге мүмкіндік беріп, нан-тоқаш өнімінің тұрақты бағасын сақтауға ықпал етеді.
Бұдан басқа, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ел ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының темір жол тасымалына 70% жеңілдік ұсынады. Жергілікті атқарушы органдарға осындай тасымалдарға мониторинг жүргізуді, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша қарсы міндеттемелерді қолдаудың осы шарасын алушылардың орындауын бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Бұдан бөлек Серік Жұманғарин мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге нарық қатысушыларымен атаулы жұмысты күшейтуді тапсырды.
«Бағаның айтарлықтай өсуінің әрбір жағдайы бойынша жеткізілімнің барлық тізбегін талдау және қымбаттаудың себебін жою қажет. Бейінді министрліктер мен әкімдіктерге ірі көтерме жеткізушілермен және импорттаушылармен кездесулер өткізуді, қолданыстағы кедергілерді айқындауды және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қарсы міндеттемелерді міндетті түрде қабылдаған кезде мемлекеттік қолдаудың қажетті шараларын әзірлеуді тапсырамын. Дәл осындай жүйелі жұмысты тиісті нарықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер саласында да ұйымдастыру қажет. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде көзделген шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бұдан бөлек, вице-премьер ғылым және жоғары білім, сондай-ақ ағарту министрліктерімен білім беру қызметтерінің құнын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өткізген.
Бүгінде маусымдық факторға байланысты әлеуметтік маңызы бар санатқа жататын бірқатар өнімдер арзандаған. 15 шілдедегі жағдай бойынша, бір аптада қияр бағасы 4,6% төмендеген. Қызанақ пен сәбіз (3,2%), жұмыртқа (-0,4%), ұн (-0,3%), тауық еті де (-0,2%) арзандаған.