Кәсіпкерлерді қолдайтын қор басшылары бір жылда 315 млн теңге сыйақы алған

«Даму» кәсіпкерлік қолдау қорының» басшылары 2025 жылы жалпы 315,4 млн теңге сыйақы алған. Қаржы есептілігіндегі ақпаратқа сәйкес, топ-менеджерлерге төленген қаржы бір жылда 35 пайызға артқан. Қор басшыларына 2024 жылы 233,8 млн теңге төленген.
Хабарламада 315 млн теңге 7 топ-менеджерге төленгені жазылған. Олар: Гаухар Бөрібаева, Фархат Сәрсекеев, Бахытжан Мақажанов, Арсен Мұстафин, Ербол Ескаков, Мұрат Бапаев пен Талғат Смағұлов.
Былтыр кәсіпкерлерді қолдайтын қор басшылығы ауысып, ақпан айында Басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаеваның орнына Фархат Сәрсекеев тағайындалғаны белгілі.
Ал Басқарма төрағасының орынбасары болған Бақытжан Мақажанов қазіргі басқарма құрамында жоқ. Арсен Мұстафин, Ербол Ескаков, Мұрат Бапаев пен Талғат Смағұлов сынды орынбасарлар қордың басқарма құрамына 2025 жылдың ақпан-сәуір айларында кірген.
Қаржы есептілігіне сәйкес, 2022-2024 жылдары қор басшыларына 192-233 млн теңге аралығында төленсе, былтыр топ-менеджерлер алған сыйақы бірден үштен бірге өскен.
«Даму» қоры 1997 жылы құрылды. Сол кезде ол «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» деп аталатын. Жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингі.
Қорды құрудағы негізгі мақсат – елде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау. Осы мақсат аясында «Даму» отандық бизнес субъектілеріне қаржылық көмек (субсидия, несиелерге кепіл болу, кредит) береді. Бұған қоса, азаматтарға кәсіп ашудың қыр-сырын түсіндіреді. Қор былтыр кәсіпкерлерге 2,2 трлн теңге көмек көрсеткен.