Алматыдағы матчқа билет қалмады: полиция тәртіп сақтауға шақырды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Алматы қаласындағы Орталық стадион / фото: Тикетон

Алматыдағы Орталық стадионда бүгін бос орын қалмайды. Қазақстан Премьер-лигасының көшбасшылары саналатын «Қайрат» пен «Ордабасы» арасындағы матчқа барлық билет толық сатылып кетті.

Кездесу 26 шілде күні сағат 19:00-де басталады. Ойын чемпионаттың 19-туры аясында өтеді. Қазіргі турнир кестесінде «Ордабасы» 43 ұпаймен көш бастап тұрса, «Қайрат» 42 ұпаймен екінші орында келеді. Сондықтан Алматыдағы матч чемпиондық жарыстың одан әрі қалай өрбитініне тікелей әсер етуі мүмкін.

Орталық стадионға көрермендерді кіргізу матч басталғанға дейін үш сағат бұрын — сағат 16:00-де басталады. Жанкүйерлер стадионға Абай даңғылы, Сәтбаев және Байтұрсынұлы көшелері жағынан кіре алады. Ұйымдастырушылар бақылаудан асықпай өтіп, ұзын-сонар кезекке тап болмас үшін стадионға ертерек келуге шақырды.

Полиция департаменті үндеу жасады

Матч алдындағы ажиотажға байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті де жанкүйерлерге арнайы үндеу жасады. Ойын күні қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін екі мыңнан астам полиция қызметкері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және басқа да арнайы қызмет өкілдері қамтамасыз етеді.

Полиция футбол жанкүйерлерінен баратын бағытын алдын ала жоспарлауды, стадиондағы тәртіп ережелерін сақтауды және полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындауды сұрады. Сондай-ақ екі команданың жанкүйерлері бір-біріне құрметпен қарап, өз клубтарын заң аясында қолдауға шақырылды.

«Футбол спорт мерекесі болып қалуға тиіс. Әр көрерменнің қауіпсіздігі — біздің басты міндетіміз», — деді Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Ал Шымкенттен «Ордабасыны» қолдау үшін бірнеше автобуспен жанкүйерлер келеді. Қонақ команданың жанкүйерлеріне Орталық стадионның 24–28-секторлары бөлінген. Матчты тікелей эфирде Qazsport телеарнасы көрсетеді.

Биылғы чемпионаттағы алғашқы кездесуде «Ордабасы» өз алаңында «Қайратты» 2:1 есебімен жеңген еді. Енді алматылық клуб өз жанкүйерлерінің алдында қарымта қайтаруға тырысады.

Сондай-ақ оқыңыз