«Қайрат» «Ордабасыны» жеңіп, Премьер-лигада көш бастады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: Kursiv.media

Қазақстан Премьер-лигасының 19-туры аясында өткен орталық матчта алматылық «Қайрат» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдап, 2:1 есебімен маңызды жеңіске жетті.

Тартысты өткен кездесуде екі команда да жеңіс үшін барын салды. Матчтың есебін 14-минутта Луиш Матаның асырған пасынан кейін Марк Гуаль ашып, алаң иелерін алға шығарды (1:0).

Екінші таймда да шиеленісті ойын жалғасып, «Қайрат» қорғанысқа көңіл бөліп, қарсыласты қақпасына жақындатпады. Матч соңына таман, 87-минутта Лев Кургиннен нәтижелі пас алған Ойва Юккола есепті еселеп, алматылықтардың басымдығын нығайта түсті (2:0). 

Төреші қосқан қосымша уақытта (90+2′) шымкенттіктер сапынан Йонсен бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартқанымен (2:1), «Ордабасыға» таразы басын теңестіруге уақыт жетпеді.

Турнирлік кестедегі жағдай

Осы жеңістен кейін «Қайрат» еншісіндегі ұпай санын 45-ке (20 ойыннан кейін) жеткізіп, Премьер-лиганың турнирлік кестесінде 1-орынға көтерілді. Ал 19 ойын өткізген шымкенттік «Ордабасы» 43 ұпаймен екінші орынға сырғыды. Топ-3 қатарын 32 ұпайы бар «Астана» түйіндеп тұр.

Сондай-ақ оқыңыз