Әуелі пәтеріңе кір, ипотеканы кейін рәсімдейсің. Отбасы банк жаңа жоба бастады

Отбасы банкі Nest Stroy құрылыс компаниясымен пилоттық жобаны іске қосқанын хабарлады. Банк жаңа жоба салымшы қаражаты депозитте жатқан уақытта болашақ пәтерінде тұра беруге мүмкіндік беретінін айтады.
50/50 бағдарламасы үшін жасалған
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Сағындықұлының айтуынша, жоба 50/50 бағдарламасымен пәтерлі болғысы келетіндерге арналған.
«Бұл – жастарға арналған керемет мүмкіндік. Алдымен Nest Stroy компаниясы салып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер таңдайсың. Отбасы банкімен жинақ келісімшартын жасайсың. 6 ай ішінде пәтердің 50 пайызын жинауды бастап, бағалау көрсеткішіңді 5-ке дейін жеткізесің. Осы аралықта өзің таңдаған пәтерде тегін тұра бересің, тек коммуналдық қызмет үшін төлем жасау жеткілікті. 6 айдан соң пәтерді өзіңе аударып, банкке кепілге қойып, ипотека рәсімдесің. Бұл бір уақытта аренда мен ипотеканы қатар төлейтіндер үшін керемет мүмкіндік», – дейді ол.
Нұрлан Сағындықұлы 6 ай зейнетақы төлемдерін реттеп, қарыз жүктемесін төмендетуге де жеткілікті уақыт екенін атап өтті.
Пәтерді қай тұрғын үй кешенінен алуға болады

Пилоттық жоба Алматының іргесіндегі Алатау қаласында орналасқан GateCity тұрғынүй кешенінде сынақтан өтеді.
Nest Stroy құрылыс компаниясының бас директоры Александр Петрович пәтерлер таза әрленген күйде әрі базалық жиһазбен берілетінін жеткізді.

Пәтер бағалары
1 бөлмелі пәтер (43-45 ш/м) – 19 млн теңгеден бастап;
2 бөлмелі пәтер (60-65 ш/м) – 28 млн теңгеден бастап;
3 бөлмелі пәтер (80-85 ш/м) – 32 млн теңгеден жоғары.
Ипотека шықпай қалса не істеймін
Егер 6 айдан кейін ипотеканы рәсімдеуге қажетті сома жиналмай қалса немесе адам айнып қалса, 6 ай тұрған уақыттың арендасын төлеу керек болады. Компания өкілдері айлық аренда сомасы шамамен 150 мың мен 200 мың теңгенің арасы екенін атап өтті.
Бұған дейін, Отбасы банкі тамыз айында Ұмай ипотекасы іске қосылатынын хабарлаған.