Тоқаев Әубәкіровті құттықтады: Әйгілі ғарышкер ретінде айрықша қадірлейміз

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровті 80 жасқа толған туған күнімен президент құттықтады. Оның хатын Астанада өткен салтанатты жиында премьер-министр Олжас Бектенов оқып берді.
27 шілдеде Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толды. Дүйсенбі күні Астанада осыған орай салтанатты жиын өтті. Онда үкімет басшысы президенттің құттықтауын оқып берді.
«Халқымыз өзіңізді әйгілі ғарышкер, көрнекті қоғам қайраткері, отансүйгіш азамат ретінде айрықша қадірлейді. Сіздің еңбек жолыңыз жарқын белестерден тұрады. Біраз жыл кәсіби ұшқыш болып, жаңа әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп, ерен ерліктің үлгісін көрсете білдіңіз», – делінген Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтауда. Президент сөздерін Үкіметтің баспасөз қызметі жариялады.
Мемлекет басшысы Әубәкіровтің аэроғарыш, қорғаныс өнеркәсібі салаларына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Тоқаев туған күн иесіне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына бақ-береке тіледі.
Батырдың 80 жылдық мерейтойы 1 тамызда Қарқаралыда атап өтіледі. Ғарышкердің туған жеріндегі ұлан-асыр тойда бес атвокөлік тігіледі.