Темекі бағасы бір жылда 12%-ға қымбаттады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Темекі бағасы бір жылда 12%-ға қымбаттады
Темекі бағасы бір жылда 12%-ға қымбаттады / фото: unsplash.com

2026 жылдың маусымында фильтрлі темекілердің бағасы арзандағанымен, жылдық көрсеткіш бойынша жалпы темекі өнімдері қымбаттап келеді. Дегенмен бағаның өсу қарқыны төртінші жыл қатарынан баяулаған.

2026 жылдың маусымында Қазақстанда фильтрлі темекілердің құны мамыр айымен салыстырғанда 0,1%-ға төмендеді. Одан бір ай бұрын баға өзгеріссіз қалса, сәуірде 0,3%-ға, ал наурызда 0,2%-ға қымбаттаған. Биылғы ең айтарлықтай айлық өсім ақпан айында тіркеліп, темекілер 4,7%-ға қымбаттаған еді.

Жылдық салыстырмада сүзгісі бар темекілер 12,2%-ға қымбаттады. Бағаның ең жоғары өсімі келесі өңірлерде байқалды:

  • Маңғыстау облысында 19,9%-ға;
  • Атырау облысында 15,8%-ға;
  • Қызылорда облысында 14,1%-ға қымбаттады.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында (әрқайсысында 13,6%-дан) және Ақмола облысында (13,4%) бағаның айтарлықтай өскені байқалды.

Жылдық есептегі ең аз қымбаттау Алматы қаласында тіркеліп, 8,1%-ды құрады. Жетісу облысында баға 9,1%-ға, Түркістан облысында 9,3%-ға өскен.

Темекі бағасының өсу қарқыны бәсеңдеп келеді

Мәселен, 2022 жылдың маусымында жылдық қымбаттау 18,5%-ды құраса, 2023 жылдың маусымында – 17,3%, 2024 жылдың маусымында – 15,8%, ал 2025 жылдың маусымында 13,9% болған. 2026 жылы да бағаның баяулау үрдісі жалғасты.

Бұған дейін kursiv.media Қазақстанда ең көп темекі шегетін өңірлер туралы жазған еді.

Сондай-ақ оқыңыз