Таразда жасөспірім бүлдіршінді жерге лақтырды

Таразда балаға шабуыл жасаған жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрлардан бүлдіршіннің жасөспірімнен қашып бара жатқанын, бірақ жасөспірім оны қуып жетіп, көтеріп алып, жерге күшпен лақтырып жібергенін көруге болады.
Полиция оқиғаға қатысушылардың барлығының кім екені анықталғанын хабарлады. Дәрігерлер зардап шеккен баланы тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсеткеннен кейін үйіне жіберген.
«Жасөспірімнің ата-анасы кәмелетке толмаған баланың бұзақылық жасағаны, сондай-ақ, оны тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімге қатысты материалдар жиналып, заңда көзделген профилактикалық ықпал ету шараларын қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі», – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары бала тәрбиесі мен олардың тәртібі үшін жауапкершілік заңды өкілдеріне жүктелетінін еске салды.
Айта кетейік, осыған дейін тұрмыстық зорлық құрбандарының оқиғасы туралы бейне жариялаған едік.