«Есімде жоқ»: Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайға пышақ салған сәт туралы айтты

Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты басты сот талқылауы кезінде сотталушы марқұмды пышақтаған сәтін баяндап берді.
Сотталушы Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайға пышақ жарақатын қалай салғаны мүлдем есінде жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, сол сәтте есінен танып, аффект күйінде болған.
«Алдында айтып өткенімдей, Нұраймен қоштасу үшін бардым. Содан кейін ол маған балағат сөздер айтып, көкірегімнен ұра бастады. Мен оған кішкентай пышақты бердім, сол сәтте сол қолымен соққы жасаған соң (оң жақ бүйірін көрсетті), өзімді жоғалтып алдым, әрі қарай есімде жоқ», – дейді Шерхан Аймахан.
Сотталушы Нұрай Серікбайға қанша рет пышақ сұққаны және бірінші пышақтаған кезі туралы сұраққа жауап бере алмады. Өзінің жасаған қылмысы мүлдем есінде жоқ екенін айтады.
«Қан жоғалтып жатыр екен, мен не болғанын түсінбей жүрдім. Мен есімді жиып оянған кезде жазық далада жүр екенмін. Жолда көліктер өтіп жатты. Не болғанын білейін деп көліктерді тоқтаттым. Екі автокөліктің бірі тоқтады. Солар мені көліктеріне отырғызып аудандық полиция бөліміне апарған болатын. Сол кезде бір-ақ не болғаны мәлім болды», – деді сотталушы.
Шерхан Аймахан мұндай сәттер өзінде жиі болып тұратынын айтады. Сөзіне сенсек, есін 2-3 күн, кейде апталап жоғалтып алады екен.
«Менің диагнозымда аралас ойлар және әрекеттер деген диагноз бар. Ол сараптамада көрсетілген. Ондай диагноз Нұрайға дейін де, одан кейін де болып тұрады. 2019 жылы бассейнге секіріп, соңында бас жарақтын алғаннан кейін пайда болған», – деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, 28 шілдедегі сот отырысында сотталушы Шерхан Аймаханнан жауап алынып жатыр.
Ол жауап алу кезінде Нұрайдың бірінші болып өзіне пышақ сұққанын айтып, өз нұсқасын ұсынды.
Нұрай Серікбайдың қазасы
Шымкентте 2026 жылдың 11 қаңтары кешке 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті арада екі күн өткенде ұсталды.
Оған Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Олар:
- 125-1-бап – «некеге тұруға мәжбүрлеу»;
- 115-1-бап – «сталкинг»;
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – «аса қатыгездікпен адам өлтіру».