6,2 трлн теңге инвестиция: Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы қалай жойылмақ

Қазақстанда электр энергиясының тапшылығын жою және оны көрші елдерге сату мақсатында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында 2029 жылға дейін тозығы жеткен станцияларды ауыстыру және жаңаларын салу үшін 6,2 трлн теңге жұмсалмақ. Энергетика минитрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жалпы есеппен 7,3 ГВт жаңа тоқ көзін өндіруге мүмкіндік береді.
Бұл көлемнің 6 484 МВт-ы жаңадан қосылатын қуат болса, 825 МВт-ы ескірген құрал-жабдықтарды алмастыруға арналған.
Қандай жоба жүзеге асырылып жатыр
Ұлттық жоба 2025 жылдан бастап қолға алынған. Былтыр Текелідегі энергия кешеніне қуаты 36 МВт болатын үш газ-турбиналық қондырғы орнатылды. Сонымен қатар Қызылорда облысында 240 МВт бу-газ қондырғысы іске қосылып, Текелідегі кешенді жаңартудың үшінші кезеңі (17 МВт) аяқталды. Сондай-ақ жыл соңына дейін 2 161 МВт қуат қосылады деп күтілген еді.
Ал 2026 жылы 2 418 МВт қуат беретін нысандарды іске қосу жоспарланып отыр. Биыл энергетика саласын жаңғырту үшін 625 млрд теңге қарыз алынбақ.
2027 жылға қарай тағы 825 МВт қуат қосылады. Оның ішінде Жамбыл МАЭС-інде 5 газ-турбиналық қондырғы (210 МВт) және Ақтаудағы «МАЭК» ЖШС-да бу-газ қондырғысы (160 МВт) іске қосылмақ.
2028-2029 жылдары жоба аясында тағы 4 000 МВт-тан астам қуат пайдалануға беріледі.
Жоспарланған станциялар іске қосылса, 2027 жылдың басынан бастап елдегі электр энергиясының тапшылығы толық жойылады.
Ал 2027 жылдың соңына қарай тоқ тапшы болмай, керісінше, 1,3 млрд кВт/сағ артық электр энергиясы пайда болады.
Ал 2029 жылға қарай Қазақстан өзін толық тоқпен қамтып, оған қоса төтенше жағдайларға арналған 20% қуат резервін сақтай алады. Осыдан кейін артық электр энергиясын шетелге сатуға мүмкіндік туады.