Қытайдан келген инвесторды зорлады деген күдікпен мәслихат депутаты қамауға алынды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский
shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, күдікті ретінде қамауға алынды.

Ақпаратты Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

Тергеу амалдары басталды

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады полиция департаменті.

Halyqstan ақпаратына қарағанда, Бәйдібек аудандық полиция бөліміне Алматы қаласының тұрғынынан арыз түскен. Әйелдің айтуынша, ол Қытайдан келген төрт әлеуетті инвестормен бірге Байжансай ауылына қорғасын-мырыш кенін өндіру жобасын талқылау үшін барған.

Демалыс ұйымдастырған

Басылым дерегінше, қонақтарды аудандық мәслихат депутаты Ерғали Аманбаев қарсы алып, бірге жүрген. Кейін ол инвесторларға демалыс ұйымдастырған.

Арызда депутат Қытайдың 34 жастағы азаматшасын көлігімен елді мекеннен тыс жерге алып барып, оның еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскені айтылған.

Айта кетейік, Ерғали Аманбаев бұған дейін де жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін қоғам назарын аударған. Шымкент қаласының соты 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен оны бір жылға көлік басқару құқығынан айырған болатын.

Айта кететін жайт, Ақтөбе қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев үйлену тойындағы беташарға 4 млн теңге салғаны әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. 

Сондай-ақ оқыңыз