Қазақ Құрылтайы: хан сайлаған жиыннан — заң шығаратын органға дейін (инфографика)

Қазақстанда елдің жаңа бірпалаталы парламенті – Құрылтай сайланып, жасақталатын күн жақын. Осы уақытқа дейін «құрылтай» сөзін көбіне төтенше жиындарға, арнайы шақырылатын мерзімді кеңестерге қатысты қолдансақ, биылдан бастап ол мемлекеттің тұрақты заң шығарушы органының атына айналады.
Оқырман назарына тарихта қалған, жақында өткен әрі әлі де бар құрылтайлар туралы шолуды ұсынамыз.
Сөздің шығу тегі мен анықтамасы
Құрылтай – ортақ кеңес, жиын (этим. түркі «құр» етістігі + «тай» жұрнағы – жинау, біріктіру, ұйымдастыру + кеңес, ортақ іс-шара).
- Түркі-моңғол ақсүйектерінің ресми кеңесі.
- XV-XVIII ғасырларда түркі мемлекеттерінде, соның ішінде қазақ хандығында аса маңызды мәселелерді шешу үшін шақырылған жиын.
- Өкілдік билік органы, парламент (мысалы, Башқұртстан, Алтай Республикасы т.б. елдердің заң шығарушы органы Құрылтай деп аталады).
- Партиялардың, қозғалыстардың т.б. өзге де қоғамдық бірлестіктердің аса маңызды мәселелерге байланысты бас қосуы.

Құрылтай – көшпелі қоғамда хан билігінен кейінгі ең маңызды институт, хан билігінің төтенше ұйымдық формасы болған. Ұлыстағы аса келелі жайттарға байланысты жыл сайын үлкен жиын шақыру үрдісі Шыңғыс хан заманынан (XII-XIII ғғ.) бастау алады. Шыңғыс хан империясында Ұлы құрылтай (хан сайлау, жорық бағытын белгілеу т.б.), жыл сайын ұлыс құрылтайлары шақырылып тұратын. 1259 жылы Мөңке хан қайтыс болғаннан кейін Ұлы құрылтай шақырылмайтын болды.

1269 жылы көктемде Талас өзені алқабында Шыңғыс хан ұрпақтары мен моңғол ақсүйектері қатысқан соңғы Ұлы құрылтайы өтіп, ол Моңғол империясының ыдырағанын іс жүзінде заңдастырды. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды.
Қазақ хандығы дәуірі
XV-XVIII ғғ. түркі мемлекеттерінде, соның ішінде Қазақ хандығында аса маңызды мәселелерді шешу үшін құрылтай шақырылған. Мысалы, қазақтың үш жүзі өкілдерінің бас қосып, жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыру, қазақ жасағының қолбасшысын сайлауына арналған айтулы жиындарға – 1710 ж. Қарақұмдағы халық құрылтайы (Тәуке ханның ықпал етуімен өткен), 1726 ж. Ордабасы құрылтайы жатады.
Деректерге сенсек, дәстүрлі қазақ қоғамындағы соңғы ұлы құрылтай Тәуке ханның және үш жүздің төбе билері Төленің, Қаз дауысты Қазыбектің, Әйтекенің бастамасымен XVII ғ. соңғы ширегінде «Жеті Жарғыны» қабылдауға байланысты шақырылған.
Дәстүрлі қазақ қоғамында құрылтай кеңестің бірнеше түрі болған. Соның үлкені – Ұлы құрылтай. Ұлы құрылтай – ел тағдырына қатысты ең жоғары деңгейде өткізілетін жалпы халықтық кеңес. Мұндай құрылтайға хан-сұлтандар, ру-тайпа басшылары, батырлар, билер мен ақылман қариялар қатысқан. Ұлы құрылтайда: хан сайлау, соғыс пен бітім мәселесі, елдің көші-қоны, жер дауы, заң-тәртіпке қатысты түйінді шешімдер қаралған.

XVIII-XIX ғғ. аймақта Ресейдің үстемдік құруына орай жүрген саяси процестердің салдарынан қазақ даласында құрылтай бұрынғыдай ықпалды мәртебесінен айырылды, дегенмен бұл кезеңде елге билеуші сайлаған құрылтайлар өткен. Мысалы, 1840-шы жылдардың басында Ұлытауда Кенесарыны ақ киізге көтеріп, хан сайлаған.
ХХ ғасырдың басы
Төл тарихымызда одан бертіндегі кезеңде, ХХ ғасырдың басында ұлт тағдырын шешкен маңызды құрылтайлар деп Орынборда өткен жалпықазақ съездерін айтады. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында (Бірінші жалпықазақ съезі, 1917 ж. шілде) Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда (Екінші жалпықазақ съезі, 1917 ж. желтоқсан) Алаш автономиясы жарияланды.

Кеңес заманында Қазақстан аумағында қандай да бір айтулы құрылтай жиындары өткені туралы дерек ұшыраспады. Десе де ХХ ғасырда Ресей империясында да, Кеңес Одағында да мазмұны, мақсаты мен форматы бұрынғыдан өзгеше, жаңа заманның саяси-шаруашылық үрдістеріне ыңғайланған, көршілес елдердің өкілдері ұйымдастырған бірнеше үлкен құрылтай өткен: Уфа құрылтайы (1905), Қырым татарлары халқының І құрылтайы (1917), Мақташылардың бірінші республикалық құрылтайы (Өзбекстан, 1944) т.б.
Тәуелсіздік жылдары
Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары құрылтай ұғымы да қайта жаңғырды. Жаңа кезеңде шетелдегі қазақтармен байланыс орнатып, қандастардың елге оралуына жағдай жасау мәселесі көтерілді. 1992 жылы Алматыда әлем қазақтарының басын қосқан біріші дүниежүзілік құрылтай (Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы) өтіп, сол алқалы жиында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы (ДҚҚ) құрылды.
Содан бері елде дүниежүзі қазақтарының бес құрылтайы шақырылған (2002 ж. Түркістан, 2005 ж., 2011 ж., 2017 ж. – Астана). 2019 жылдан бері ДҚҚ қызметінің жаңа тұжырымдамасына сай, құрылтай өткізу форматы өзгертіліп, алқалы жиындарды енді ел аумағында емес, қазақ диаспоралары шоғырланған мемлекеттерде өткізуге басымдық берілетін болды.
2022 жылдан бастап, биылға дейінгі кезеңде ел аузындағы құрылтай атауы – президент жанындағы жаңа кеңесші орган қызметімен байланысты еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 ж. наурыздағы жолдауында, «Халық үніне құлақ асқан мемлекет» тұжырымдамасы аясында, 2019 жылдан бері жұмыс істеген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құруды ұсынды.

Парламент мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, белді кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың басын қосқан жаңа органның мақсаты – қоғамдық диалогты, билік пен халық арасындағы байланысты нығайту болды. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 2022 жылы маусымда Ұлытау облысында, Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде өтті. 2026 жылғы 20 қаңтарда Қызылордада Ұлттық құрылтайдың соңғы, бесінші отырысы өтіп, ол жұмысын тоқтатты.
Көп ұзамай Құрылтай ұғымы жаңғырып, жаңа сипат алған жаңа кезең басталмақ, бұдан былай Құрылтай – Қазақстанның бірпалаталы заң шығарушы әрі ең жоғарғы өкілдік билік органы.