Отбасы банкте 3,5 млн қазақстандықтың 3 трлн теңгеден аса жинағы жатыр

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының операторы – «Отбасы банк» 2025 жылы 126 млрд теңге таза пайда алған. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 5 пайызға артық.
Банктің 2025 жылғы аудиттелген есебіне сәйкес, банктің таза пайдасының артуына тұрғын үй мемлекеттік бағдарламалары әсер еткен.
«Екінші деңгейдегі банктер мен ипотекалық компаниялардың халыққа тұрғын үй салу мен сатып алуға несие беру нарығындағы белсенділігінің бірқалыпты өсуі, сондай-ақ қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және құрылыс бойынша жаңа мемлекеттік әрі басқа да бағдарламалардың енгізілуі Отбасы банкінің нарықтағы үлесінің артуына және тұрғын үй құрылыс жинақтарына деген қызығушылықтың өсуіне оң әсерін тигізді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушылары санының тұрақты өсуі байқалды, бұл, тиісінше, депозиттік базаның және Банк тарапынан халыққа несие беру көлемінің ұлғаюына әкелді», – делінген қаржы есебінде.
Банк ашылғалды бері 21,7 трлн теңгеге 6,1 млн шарт жасаған. Тұрғын үй жинақ жүйесіне 2,9 трлн теңге салым сомасы бар 3,5 миллионнан астам салымшы тартылды. Отбасы банкіне халықтың ұзақ мерзімді салымдарының 37%-ы тиесілі. Банктің елдің жиынтық ипотекалық портфеліндегі үлесі 52%-ды құрайды. Қазіргі кезде қазақстандықтардың тұрғын үйге деп жинап жүрген ақшасы 3,2 трд теңгені құрайды.
Банк кірісінің басым бөлігі берілген қарыз бойынша сыйақы есебінен түседі. Банкке ең көп кіріс әкелетін өнім – аралық заем. 2025 жылы берілген аралық заемдардың көлемі берілген заемдардың жалпы сомасына қатысты 64%-ды құрады.
Банк тек жеке тұлғаларға қарыз береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша аралық тұрғын үй заемдары 1 трлн теңгеде асқан.
Банк активтері 2025 жылы 919,7 млрд теңгеге өсіп, 5,2 трлн теңгені құрады. 2025 жылдың аяғындағы жағдай бойынша Банктегі 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі (NPL 90+) 0,12%-ды құрады. Бұл Қазақстанның банк секторындағы ең төмен көрсеткішке сәйкес келеді.
Банк міндеттемелері 2025 жылдың аяғында 24,2%-ға немесе 863,8 млн теңгеге өсіп, 4,4 трлн теңгені құрады. Міндеттемелер құрылымының 72%-ы клиенттердің қаражатына тиесілі.
Отбасы банк биыл күзде ислам ипотекасын іске қоспақ.