ШҚО-да балықшылардың шатырына шар тәрізді найзағай түскен

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
коллаж: unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Шығыс Қазақстан облысында балық аулауға шыққан бір топ адамның шатырына шар тәрізді найзағай түскен.

YK-news.kz хабарлауынша, соның салдарынан іштегі генератор мен автономды жылытқыш істен шықты.

Оқиға Өскемен маңындағы өркениеттен алыс орналасқан, жол, электр жарығы мен ұялы байланыс жоқ Қара Қаба өзенінің жоғарғы ағысында болған.

Балықшылардың айтуынша, алғашқы күннің кешінде ауа райы күрт бұзылып, қара бұлт торлап, қатты жел тұрып, найзағай ойнаған. Олар алдын ала жағалауға тігілген үлкен шатырға кіріп, киімдерін кептіру үшін бензин генераторы мен автономды жылытқышты қосқан.

Арада бірнеше минут өткенде нөсер жауын басталып, шатырдың төбесіне үстел теннисі добының көлеміндей жарқыраған от шары пайда болған.

«Бір сәттен кейін ол жарылып кетті. Қатты соққыдан құлағымыз тұнып қалды. Соққы толқынынан ыдыстар үстелден ұшып түсті, шатырдың кіреберісі ашылып кетті, ал ішін қараңғылық басты», – дейді оқиға куәгерлерінің бірі.

Балықшылар есін жиған соң генератор мен автономды жылытқыштың жұмыс істемей қалғанын анықтаған.

Оқиғаның ізі шатырда да қалған. Онда диаметрі шамамен 10 сантиметр болатын балқыған тесік пайда болған.

Осы оқиғадан кейін балықшылар лагерьді жинап, олжасыз үйлеріне қайтқан.

22 шілдеде «Семей орманы» аумағында өрт тіркелді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, орман қорында оттың тұтануына найзағай себеп болған.

Сондай-ақ оқыңыз