Жапонияда 7,1 балдық жер сілкінісі болып 50 адам жарақат алды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Жапонияда 7,1 балдық жер сілкінісі болып 50 адам жарақат алды
фото: shutterstock

Жапонияда магнитудасы 7,1 баллға жеткен жер сілкінісі болып 150 мың адам эвакуацияланып, кемінде 50 адам түрлі жарақат алды деп жазады BBC.

Жерасты дүмпуі Кюсю аралының ішкі бөлігінде жергілікті уақыт бойынша сағат 16:27-де (Гринвич бойынша 07:27-де) тіркелді. Салдарынан 150 000-нан астам тұрғынға қауіпсіз эвакуациялық пункттерге көшу туралы нұсқау берілді. Сондай-ақ қысқа мерзімді цунами қаупі жарияланып, бір сағат ішінде қайтарылды.

Fuji TV телеарнасының хабарлауынша, «Aeon Mall» сауда орталығында бірнеше адамның қаза тапқаны расталды.

Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаичи Токиодағы кеңсесінде журналистерге жасаған мәлімдемесінде зілзаладан келген шығын мен қаза тапқандардың нақты саны әлі де анықталып жатқанын айтты.

«Бізге зардап шеккендер туралы ақпарат келіп түсті. Кейбір аудандарда электр жарығы сөніп, өрт шықты, сондай-ақ жолдар мен көпірлер бүлініп, ғимараттар құлады», – деді Такаичи.

Оның айтуынша, кеш түссе де, құтқарушылар мен мамандар келтірілген шығынды бағалау және ахуалды бақылау үшін тынымсыз жұмыс істейді.

NHK мемлекеттік телерадиокомпаниясының хабарлауынша, ауруханалардың біріне 50-ден астам зардап шеккен адам жеткізілген. Ал Nikkei басылымы зілзала кезінде жүрдек пойызда отырған бірнеше жолаушының да жарақат алғанын хабарлады.

Осыдан бір ай бұрын Венесуэлада екі жойқын зілзала болған еді. Сейсмологтар магнитудасы 7,2 және 7,5 балдық екі қуатты жерасты дүмпуін тіркеді. Осы уақыт ішінде жойқын жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны 5 546 адамға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз