Көкшетауда аулада әйелді көлікпен басып кеткен: көлік иесі амнистияға ілінді

Көкшетауда аулалардың бірінде жол талғамайтын көліктің астына түсіп, әйел адам қаза тапқан оқиға бойынша көлік иесіне қатысты қылмыстық іс амнистиямен тоқтатылды, деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.
Ер адамға қатысты іс жеке өндіріске бөлінді. Ол Қылмыстық кодекстің 349-бабы, 3-бөлігі – «Көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адамның басқаруына жол беру, бұл адам өліміне әкеп соғу» бойынша тергелді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қылмыстық іс амнистия актісін қолдануға байланысты тоқтатылды», – деп мәлімдеді полиция.
Қайғылы оқиға Көкшетау қаласында болған. Әлеуметтік желілерде 9 мамыр күні Көкшетаудың бір шағын ауданындағы жол-көлік оқиғасы түсірілген видео тарады.
Кадрдан көлік аулаға кіріп келе жатып, жаяу келе жатқан әйелді қағып, үстінен басып өткенін көруге болады. Одан кейін көліктен әйел жүргізуші мен жолаушылар жүгіріп шыққан.
Көлікті басқарған әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған және арнайы дайындықтан өтпеген. Оған қатысты адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.