Жауаптар бір-біріне қайшы келді: «ҚазТАГ» ісі бойынша сот қалай өтіп жатыр

Жарияланды
суд казтаг
Фото: Kursiv.Media

«ҚазТАГ» басшылары – бас директор Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновтен жауап алу барысында олардың «Фридом Финанстың» сотқа дейінгі талапқа қатысты жауаптарында қарама-қайшылық байқалды. Әсет Матаев редакция жұмысына араласпайтынын және мұндай құжатты алмағанын айтса, бас редактор Әмір Қасенов талапты оған берген болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Қасенов жалақыға қатысты сұраққа редакцияны «қоғамдық негізде» басқарамын деп жауап берді. 

Матаев редакция жұмысын бақыламайды

Бас директор Әсет Матаев соттағы жауабында редакция жұмысына араласпайтынын мәлімдеді.

«Мен бас редактор емеспін, редакцияны басқармаймын… редакция саясатына араласуға құқығым жоқ», – деді ол.

Кейін журналистерге тапсырма бермейтінін, тақырыптарды өзгертпейтінін, қызметкерлерді жұмысқа қабылдамайтынын және контентке араласпайтынын қайталап өтті.

Айта кетейік, ҚР «Масс-медиа туралы» заңының 18-бабы 1-тармағына сәйкес, редакция меншік иесінің тапсырмасы бойынша бұқаралық ақпарат құралында ақпарат жинау, материалдар дайындаумен айналысады. Бұл редакцияның әу бастан меншік иесі белгілеген міндеттер аясында әрекет ететінін білдіреді.

Жауаптары бір-біріне қайшы келді

Еске салайық, «Фридом Финанс» АҚ сотқа дейінгі талапты 2025 жылдың 4 сәуірі жолдаған. Бұл – 2025 жылдың 3 сәуірі кешке «ҚазТАГ» агенттігі брокерге қатысты шындыққа жанаспайтын айыптаулар қамтылған 12 материалды бірден жариялағаннан кейінгі келесі күн. Материалдарда алаяқтық, қаржы пирамидасын құру және клиенттердің қаражатын шығару туралы мәлімдемелер болған.

Компания өз талабында басылымнан бұл деректі теріске шығаруды талап етіп, сондай-ақ ресми түсініктеме таратқан. Алайда бұл талаптар ескерусіз қалып, агенттік мақала жариялай берген. Нәтижесінде брокер іскерлік беделін қорғау үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болды.

Сотта Матаев сотқа дейінгі талапқа қатысты «Мені хабардар етті. Сотқа дейінгі талапты алған жоқпын», деді.

Содан кейін судья Ернар Қасымбеков бұл туралы сотталушы Әмір Қасеновтен сұрады. «Меніңше, мен (құжатты – ред.) бердім», деп жауап берді.

Сұрақтарға қалай жауап берді?

Әсет Матаев та, Әмір Қасенов те мемлекеттік айыптаушы мен «Фридом Финанс» өкілдерінің сұрақтарына жауап беруден бас тартты немесе тек кейбіріне ғана жауап берді.

«Кеше осы жағдай туралы білетінімнің бәрін толық баяндап, барлық нақтылаушы сұраққа жауап бердім. Бұдан әрі соттың сұрақтарына жауап беруге дайынмын», – деді сотталушы Әмір Қасенов. 

Қасеновке қойылған сұрақтар «ҚазТАГ» бір күннің ішінде 12 материал жариялаған баспасөз конференциясына қатысты болды. Сондай-ақ одан журналист ақпаратты қалай тексеруі керек, «ҚазТАГ» ресми сауалдарды қалай жолдайды және «Фридом Финансқа» қатысты сауалдар қандай мемлекеттік органдарға жіберілгені туралы сұрақ қойылды.

«Құрметті сот, сіздің кез келген сұрағыңызға жауап беруге дайынмын», – деп жауап берді Қасенов сұрақтардың басым бөлігіне.

Тегін жұмыс істеген

Әмір Қасенов ҚазТАГ-та 2020 жылдан бері бас редактор болып жұмыс істейтінін айтты.

«Жалақым… көбіне қоғамдық негізде жұмыс істеймін. Мен журналистиканың фанатымын», – деді ол.

«ҚазТАГ» ақпарат агенттігі мен «Фридом Финанс» АҚ брокерлік компаниясы арасындағы дау 2025 жылдың көктемінде басталды. Ақпарат агенттігі брокер мен оның негізін қалаушы Тимур Турловты алаяқтық, қаражатты офшорларға шығару және қаржы пирамидасын құрды деп айыптаған 250-ден астам материал жариялады.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 3 сәуірінде Жанна Қапарова «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Қасеновпен алдын ала сөз байласқан. Қапарова қоғамдық резонанс арқылы брокерді өтемақы төлеуге мәжбүрлеуді көздесе, Қасенов сайттың қаралымын арттыру мақсатында жалған мәліметтерді жариялауға келіскен.

Дау 2024 жылдың күзінде Карлығаш Қапарованың бұрынғы менеджер Темірлан Бековке қарсы арыз жазуынан басталған. Алайда 2025 жылдың жазында Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұл істі толық тоқтатты. Тергеу барысында клиент Бековтің жұмыстан кеткенін біле тұра оған шотының логині мен құпиясөздерін өз еркімен бергені, табыстың 20 пайызын төлеуге келіскені және әрбір мәмілені SMS-код арқылы өзі растағаны анықталған. Осылайша, ол брокерлік компанияның ішкі талаптарын бұзған.

«ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот процесі 15 маусымда басталды.

Сондай-ақ оқыңыз