«Тәрбием жібермейді»: Аша Матай Мейірман Шекеевке жауап берді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: видеодан скрин

Белгілі тележүргізуші, «Қазақстан Халық партиясының» атынан кандидат ретінде тіркелген Аша Матай өзін пікірталасқа шақырғандарға қатысты ресми үндеу жариялап, ұстанымын білдірді.

«Тәрбием жібермейді»

Аша Матай өзін пікірталасқа шақырып жатқандардың бар екенін естігенін, бірақ мұндай айтыс-тартысқа барудан бас тартатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл шешімнің астарында ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтар жатыр.

«Анамның үйреткені – қазақ қызына жеке мүддесін дәлелдеу мақсатында ермен, оның үстіне ел ағасы жасындағы ер адаммен сөз таластыру жараспайды. Айтарым бар, арманым бар, десе де тәрбием жібермейді. Көкірегімді дәлелдеу үшін дауласуға жоқпын», – деді ол.

«Тырнақ астынан кір іздемей, бірге жұмыс істейік»

Тележүргізуші саяси додада айтысып, сөз таластырғанша, ел игілігі үшін бірге еңбек ету маңыздырақ екенін баса айтты.

«Ел үшін бірігіп жұмыс істеуге бармын. Тырнақ астынан кір іздемей, бірге жұмыс істейікші, ағалар. Біздің жұмысқа ақыл қосамын, жүкті бірге көтеремін демесеңіз де, тілектес болғаныңыздың өзі маған және бізге үлкен күш», – деп атап өтті кандидат.

Сонымен қатар көпшіліктің өзін өнер мен сахна арқылы танитынын, алайда бұл жол өзіне халықтың мұң-мұқтажын көріп, сезе білуді үйреткенін айтты. Дәл осы себепті Халық партиясының қатарында жүргенін және бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін заңгер Мейірман Шекеев Аша Матайды көмекшілерімен бірге дебатқа шақырған еді.

Сондай-ақ оқыңыз